Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  151


Автор: Гүлжайнар Қалдина

Жайықта қалған сағыныш

Өзгелерге өрекпіген өр кеуде,
Болады екен жылауға да шер пенде.
Бір-біріне сүйсінетін жалғанда,
Жалқыларға жармасатын сор кем бе?
Арман болып алыстағы биік тау,
Күнәм көркем көздеріңнен күй ұқпау.
Жармассаң да жарығына жалғанның.
Күлкімді бер!
Күміс бағым тұйықтау.
Сызыл әнім, әсерінен сор басым,
Сызылта бер қайырмасын,
жалғасын.
Ашық айтам Әзірейіл келсе де,
Көмейіме құйсын сосын қорғасын.
Азалайтын жапан түзде тал жалғыз,
Ғазал айтып,
Ғаріп мұңмен қалған қыз.
Бүгінгісі пері дауыл.
Пейіш – мұң,
Ертек бақыт –
Ертең оны сомдармыз...
Кеш кездестік.
Осы бізге айып мың.
Мендік үнді кең санаңа сай ұққын!
Сенің бейнең қонақтады санамда,
Біздің бейне – жағасында Жайықтың.
Ғайып өмір.
Ғайып тірлік.
Ғайып түн.
Жайып уын жайлап өткен қайып мұң.
Үнім қалды бақшасында байыптың,
Ал, мен өзім Наласы нән Жайықпын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу