Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  97


Автор: Жұмабай ҚҰЛИЕВ

Бәрі кетті

Беу, бала шақ, қойсам да асылға орап,
Пейіш құстай жоғалдың жасыл қанат.
Қайда сол бір аналар күншуақта,
Бір-бірінің жүретін басын қарап.
Сүйретіліп мүрденің шетін сүйеп
Келдім екен қорымға нешінші рет...
Көп жақсыдан айрылып қалдым жолда,
Бекеттердің шамындай жетімсіреп.
Кең дүнием, сен неге күрт тарылдың,
Іштім қайғы сорпасын, ұрттап удың.
Оңашада жас шыпшып жанарымда,
Шыдай алмай бетімді сыртқа бұрдым.
Көктем өтті, барамын жолға асыға,
Аяқ артып мезгілдей жорға атыма.
Қайсыбірін айтайын, адамдар-ай,
Түскен кезде ұқтым-ау өз басыма...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу