Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  79


Автор: Жұмабай ҚҰЛИЕВ

Қонайға

Шама келсе қос қанатты кең жайып,
Ей, Қонайжан, қатар түсіп самғайық –
Сайрандатып қояр дейсің қашанғы,
Болар бір күн дидар ғайып, дəм ғайып.
Күпінеміз, дейміз алып терекпіз,
Кім біледі, қай орынға керекпіз?
Мына өмірден кетеміз бе дариға-ай,
Шыңғысханның моласындай дерексіз.
Қайда бүгін тау жығардай от екпін,
Жүрміз əлі шөбін шалып етектің.
Көз ұшында омыртқадай тізіліп,
Кетер біздің басымыздан мəтөк күн.
Жүк пойызы құлағанда адырдан,
Шойын жолың айырылар сабырдан.
Келер күннің салмағынан зілмауыр,
Сықырлайды кос арысың, қабырғаң.
Күнпаякүн жақындаған сияқты,
Көзі азайған көп асылдың тұрақты.
Оғыландыға, Бекет – атам басына,
Бəрін тастап болсақ па екен шырақшы?
Етігіңнің мыжырайып сірісін,
Митыңдаған кəнден – тірлік құрысын.
Болсын ертең Мəңкүр – Нəңкүр алдында,
Өз-өзіңді ақтап алар бір ісің...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу