Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  98


Автор: Жұмабай ҚҰЛИЕВ

Адамның кейбір кездері

Тіршіліктің жоқ шығар мəңгі шегі,
Гүлдер қаулап, даланың жанды шоғы.
Күншуақ кеп, түскенде терезеге,
Қатып қалған шыбынға жан бітеді.
Күшін байқап кішкене қанатының,
Тазалады шаң басқан қарашығын.
Аяз көрмей, бораған қарды көрмей,
Ұшып кетті қайтадан қара шыбын.
Ұмытайын дау-дамай, жаласын да,
Қазағымның кең байтақ даласында
Демалайын кішкене, қажет кезде,
Күншуағым, оятып аласың ба?
Жолыққанда жаным-ай, жолға кедір,
Берілесің қайдағы ойға небір.
Өкпелеумен жүргенде кетер өтіп,
Бір-ақ рет берілген қайран өмір!
Қысқа күнде қырық рет жай салысып,
Бір құласам талпынып қайтара ұшып,
Бой тасалап қалғанша жүрмеймін бе,
Шарасынан тірліктің шайқап ішіп...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу