Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  126


Автор: Бақыт Беделханұлы

Екі адаммын

Шеңберінде шектеулі шекарамның,
Қалай ғана арманға жете алармын.
Өмір сүріп жүргенмен бір адам боп,
Көңіл сұлық кездерде екі адаммын.
Екі адаммын. Қайсысы маған жақын?
Таңдау қиын екен-ау, табанда тым.
Қақ бөлініп қаңсыған шаңырақтай
Аяғында таппайсың амалға ақыл...
Амалға ақыл таппайсың, айлаға да
Адасқандай боласың айдалада.
Иттей ұлып, содан соң, көшке еріп
Қайта сіңіп кетесің қайманаға.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу