23.05.2022
  155


Автор: Мұрат Шаймаран

Қобыз даусы

Бірінші көрініс
Қағып тастап қараңғылық құрсауын,
Аспан жаққа жатыр жағып кім шамын?!
Секілді бір жылы-жылы сөз күткен,
Жыпықтайды жұлдыз біткен, көз біткен...
Шыдам етпей ағыстарға күшті, анық,
Ең алғашқы туған жұлдыз түсті ағып.
Аққан ізі – ақ жолағы қалды артта,
Кетті құлап мен аңсаған аулаққа.
Жаһұт болып,
Лағыл болып жанбайды ол,
Алған үзіп көк зеңгірден қандай қол?
Кім ұрлады асыл тасын тəңірдің,
Қай кəнизак алқа қылып тағынды?!
Ағытылған қозыдай боп көгеннен,
Тағы, тағы ақты жұлдыз төбемнен,
Аспан – Ана, сен жыласаң егер де,
Көз жасымды орнына іліп берем мен!
Соны саған берем қадап мықты ғып,
Ол да сенің жұлдызыңдай тұп-тұнық.
Мұрат ШАЙМАРАН Еркін аспан өлең
196
Мұрат ШАЙМАРАН Еркін аспан өлең
197
Айтатындай қасіретін тауысып,
Бар тағы да қайтқан құстың дауысы.
Асығыстау қанаттардың сусылы,
Елеңдетіп тастайды əр жыршыны.
Жапан дала қызыл-сары түрге еніп,
Оның да ұшып кеткісі бар бірге еріп.
Күні өткенін жаны жайсаң жаз ұқты,
Уақыт бəрін жеп түгетті азық қып...
Қанатымен жаппақ қара түн, міне,
Сонау тұстан берді қылаң сүмбіле.
Айырылған соңғы жапырақ ағаштан,
Желдің жіпсіз жетегінде адасқан.
Жете алмасын білді күнге ғұмырлы,
Қарашаның құшағына тығылды.
Өлді, тынды,
Кетті жасыл жан шығып,
Қалды сосын табандарда жаншылып...
Екінші көрініс
Дəуірлердің азуында желінген,
Мен отырмын мəйхананың төрінде.
Əнге қосар жаңалар мен көнелер,
Омырауы – оба тіккен төбелер.
Бар қызығын кім бөлісер,
Кім ие?
Бөксе деген – бұлаң қаққан дүние.
Қабағы – айдан,
Кірпіктері – алтыннан,
Сосын жанар жасқанады жарқылдан.
Ерін анау – тұрған айтып бір сырды,
Əрі əсем, əрі улы гүл сынды.
Қандай зергер аптады екен күміспен?!
Керме иығы тұр тəкəппар,
Тұр үстем!
Аққу – мойын,
Қара ормандай шаш анау,
Соған қиял шылбыр сүйреп қашады-ау.
Қайың – балтыр, бұлықсыған балық сан,
Қайтер едің қайраңдарда жолықсаң?!
Қалар ма едің көзіңді алмай мəңгіріп,
Алар ма едің құмарыңды қандырып?!
Ұмыттырған күздің ызғырығын да,
Уыз төс пе?
Əлде бұлақ бұрым ба?!
Тал бойына асыл торғын жарасып,
Таңғажайып тəтті түске жол ашып.
Көңілімнің бар кірбеңін азайтып,
Əр қимылы тұрды маған наз айтып...
Ақша жүзі алаулатқан ақшамды,
О, жаратқан!
Ондай ару жоқ сəнді!
Сенбейсің бе?
Бар ғаламнан сұрап қал,
Сенбейсің бе?
«Мың бір түнді» мың ақтар!
Ескі-ескі теңеулерді тізбекте,
Атаң-айтқан хисалардан іздеп көр!
Сол сұлу қыз маған шарап ұсынды,
Саусақтары дір-дір етті,
Қысылды.
Менің терең əжімдерім үшін де,
Бал лебізі тұрды балқып ішінде.
Жаным менің қыз өңінен тұр танып,
Самайыма қонған ақтың бір талын...
Үшінші көрініс
Теңіз жым-жырт жатар толқын атарда,
Соған ұсап тұрды шарап бокалда.
Шайқап ішу шайырларға мінəсіп,
Тұрды шарап жұпар сеуіп,
Гүл ашып.
Тұрды жəне шүңеттеніп,
Аһ ұрып,
Ғарых болар ақымағын шақырып.
Кетер ме деп желкенімді жел жығып,
Үнсіз қалдым ақ айдынға телміріп.
Сімір! – деді, қыз талабы осал ма?!
Шарап керек бар уайымды басарға.


Шаттық үшін! – деп қостады ол тағы,
Сімір! – деді, –
Еңсең биік тартады.
Шапшып ағып, шарап болып кеткен бір,
Туған өзен суы ғой бұл мөп-мөлдір.
Туған өзен – көзден аққан өзендер, –
деп күрсіндім. – Сеземін мен,
сезем мен...
Зарық көңіл əлденені қойды ымдап,
Ащы шарап бара жатты бойды улап...
Жамыла сап қара барқыт желегін,
Суыт басып түн – жолаушы келеді.
Түнді сүйем жəне түнгі нөсерді,
Нөсерлерден қалған ұлы əсерді.
Құпиясын пəни менен бахидың,
Жасындардың жарқылында оқимын.
Бүгін нөсер болатыны анық-ты,
Бұлттың өзі мұны жаңа ғана ұқты...
Төртінші көрініс
Бұл ғасырдың бұлғаң өскен өрені,
Бір əуенге есеңгірей береді.
Майыстырып мəйхананың еденін,
Толқын-толқын биге басып келеді.
Жүйке жұлған музыка еді бұл қандай?!
Шырақтар да құтырынып тұрғандай.
Даңғырлайды бая болған барабан,
Баянсыз бір бақыт көрдім мен одан.
Ышқынады гитара кеп,
сыңсиды,
Замананың тас жүрегін шымшиды.
Пиянино! (Ақсүйектер серігі.)
Сол жылдардан келген алып сені кім?!
Бетховен мен Моцарттыңның
Бүгін де,
Саусақ табы тұр ма сенің тіліңде?!
Олар неге сөйлемейді əн-күй боп,
Мынау бейбақ дүниені əлдилеп?!
...Сезімдері себелеп,
Шырағданға қонды жынды көбелек.
Іңкəрлігі,
Ынтығы асқан, елірген,
Сол сұлуға «билейік бір», – дедім мен.
Жанарынан үміт ыршып, нұр ыршып,
Мойыныма оралды қыз қылымсып...
Шойын,
Темір,
Қаңылтырдан құралған,
Бұл əуезді кімдер қалап,
Кім алған?!
Бақсы ойыны сияқты ма жын буған,
Осы адамдар неге сонша тым жылдам?!
Неге сонша албарынған,
Жініккен,
Неге сонша күбірлейді күдікпен,
Əлде Алладан бірер сыбыс болды ма,
Махшар күні толды ма?!
Саусағынан самалдың да күй аққан,
Тынған дала,
Тыңдаған һəм мұнартқан.
Шегірткенің шырылы да кешкілік,
Зарға айналып жататұғын естіліп;
Тұлпарлардың тұяғының дүбірін,
Ауалардың алқынысын, дірілін;
Қуанышын бауыздаған қасап – мұң,
Қан майданнан қайтқан атын жасақтың.
Бұл жалғанның тоқтау болмай ешбірі,
Жалын құшып жылаған жар өксігін.
Жетегіне ап жүрген жетім үн қайда,
Оны неге қозғамайды мұндайда?!
Ескі əуенді сағынамын, інішек,
Қайда сол бір ешкі ішегі –
Қыл ішек?!
Маған, сірə, ұнамады-ау бұл ырғақ,
Бара жатты бір қорқыныш буынды ап.
Жаңа əуеннің жансебілдеу екпіні,
Дала жаққа жаңғырығып кетті ұлы.


Кешір, Дала,
Кешір, Таулар, кеш Ана,
Ұстап қала алмадым мен, не шара...
Бесінші көрініс
Мəйхана бұл – есалаңдар ортасы,
Сан өкшенің шығарған тер-сорпасын.
Алуан сəуле көз алдымда бұлаңдап,
Сайтан оты секілді бір тұр арбап.
Аруақ сынды адамдардың түр-түсі,
Жатты жыртып делдал күннің жыртысын.
Құшағымда қыздың толқып дидары,
Аңсайды кеп əлденені беймəлім,
Тар кеудеде тайдай тулап жүрегі,
Шалықтайды, есі кете күледі.
Бақайлары əр такттен жаңылмай,
Билейді қыз, билейді қыз мамырлай.
Үнсіз қалдым, үрей еді бұл нендей?!
Құшағымда жылан билеп жүргендей...
Жатты тарап желіктің көп ісігі,
Терезеде тұрған Венус мүсіні –
Жеткен өнер ғасырлардан мықты, алып,
Қалды мені құтқарып...
Əсемдіктің басыбайлы бір құлы,
Мен боламын, тағзым еткен жырға ұлы.
Көне күннен:
Жаңбыр шайған,
Дат басқан,
Келді Венус аршын төсін жаппастан.
Асқақ қарап мына бізге тұр бүгін,
Қос анарын жəне шұқыр кіндігін –
Талай нəпсі өтті білем, жеп-ішіп,
Бірақ оның пендесімен жоқ ісі.
Құдайы бұл – қиялшылдау гректің,
Біздің мына мəйханада жүдеп тұр.
Ақ мəрмəр ол – ақ арманнан құйылған,
өкініші – қос білегі қиылған.
Əнтек қана шаң басыпты үрпісін,
Əнтек байсал тұрды тартып түр-түсі.
Абұйырын жапқан көлбір көйлегі,
Шешіндіріп алғың келер кейде оны.
О, жасаған,
Асылық қой былайғы –
Жалаңаштау құдайды...
Қыз өңіне қызыл жалын от кірді,
Мен осыған табынамын! – деп күлді.
Ант етемін:
Дұға тұтып,
Нан ұстап,
Кетті сол қыз,
Кетті менен алыстап...
Беті ашылды бір сырдың,
Мен далама қарап ұзақ күрсіндім.
Туған таудың мұнар еміп тұр басын,
Туған таулар – құдайлардың сұлбасы...
Алтыншы көрініс
Даңғазасын талқан етіп əлемнің,
Кенет қобыз үні боздай жөнелді.
Шайқалтып бір шар тараптың сенімін,
Жер бауырлап келе жатты қоңыр үн.
Сарын еді мынау қайдан оянған?!
Қоңыр-қоңыр,
Қара-қара бояулар
Ұйқысынан басын жұлып алғандай,
Ғарыш көктен тамғандай.
Жерік болып желпінерлік лебізге,
Алакеуім арасынан мені іздеп.
Алыстардан алабұртып жеткен бе,
Аспан – шара шайқалып бір кеткенде?!
Сарын еді мынау қайдан тірілген,
Жүрегіме жүгірген?!
Бір ғаламат тебіреністің тепкісі,
Қайғы байлап, дертке буып кетті ішін?!
Əлде өзінің өлмегенін ұқтыра,
Жеті қабат жер астынан шықты ма?!
Мың жыл бұрын орнатылған ақынға,
Құлпытасы күйге басып жатыр ма?!


Керуенбасы қаһарына сүйенген,
Бір ботаны қалдырды ма иенге?!
Күзгі ормандар сояу-сояу бұтағы,
Жабырқайды, кейде қабақ шытады...
Сарын еді мынау қайдан телінген,
Түнгі байғұз дауысындай егілген?!
Түздің соқыр соқпағында сандалған,
Қайыршы ма қоналқы іздеп, салған əн?!
Зілзала ғып сай-салаңды, қырыңды,
Кісінеуі шығар жетім құлынның?!
Туған дала, буған сені шер-шемен,
Сол шемендер əлде күйін шерте ме?!
Жеткен мынау қобыз даусы, ұқтың ба!
Бар құлақты алды мүлдем тұтқындап.
Есі кете елеңдейді бас ұра,
Мəйхананың ескі қабырғасы да.
Қолдан құйған Венусыңның өзі де,
Жас алып тұр көзіне...
Роялында тұрған ойнап жігітің,
Жасиды кеп жоғалтып бар үмітін.
Бар дауысты басып өтіп тым өктем,
Жетті сарын күні өткен.
Жетті сарын құдыретті һəм қайғылы,
Қоңыр үнін қойды сосын, айға іліп...
Жетінші көрініс
Кім еді ол, белі сəл-сəл бүгілген,
Отырған сол жалғыз шырақ түбінде,
Қабағына қауқарың жоқ қарар тік,
Қара түнді аппақ шашы ағартып,
Жеткен талып дəруіштей аш, арық,
Отырған шал көзін ашпай қасарып?!
Көзін ашса, мынау байтақ мекенге
Астан-кестен теңіз құлап кетердей...
Кім еді ол, кім біледі жол-ізін?!
Тым арыдан сөз бастайды қобызы.
Сиқыр сазы,
Сырлы сазы өмірдің,
Басын құрап, бармағынан төгілді.
Төгілді саз,
Жөнелді саз сел болып,
Кір ғаламды алдына сап өңгеріп.
Мен сенетін құдірет бұл,
Ғайып бұл!
Бара жатты жағалауын шайып бір.
Таңдандырған табиғатты, өнерді,
Оны ұстап қалатын күш жоқ енді!
Көмейіне қойған уақыт тас тығып,
Көп жылдарға жатқан сарын бастығып,
Жан ашуын, нар айбынын шақырып,
Шықты ақыры атылып.
Ол айтады:
Өмірді һəм өлімді,
Тарихыңды, қанды ата тегіңді;
Арғымақты құйрық-жалы түйілген,
Сұр жебені...
Ақ сауытты киілген;
Ары үшін,
Қамы үшін далаңның,
Қанжығада кеткен басын бабаңның;
Ана жоқтауын,
Бала қайғысын,
Ол енді
Есіңе салып береді...
Кім еді ол, кімге шақты зар-мұңын?!
Қыл ішекке байлап қойып тағдырын.
Жан біткенді бір сəт естен тандырған,
Жаһанды да еш қыбырсыз қалдырған,
Маған шарап құйып берген сұм қызды,
Сəулесімен аластаған жұлдыздың,
Кім еді ол,
Кім еді ол,
Кім еді?!
Маған айтып бересің бе, Сыр елі!?
Қорқыт шал ма?!
Таныдым мен,
Таныдым!
Таныдым мен қобызының зар үнін.


«Ол өлді», – деп айтып еді біреулер,
Пəтуасыз боп бара ма бұл ел де.
Мүмкін оған көр əр кезде қазылған,
Маңдайына бірақ өлмеу жазылған.
Ұлы тағылым,
Ұлы аманат,
Ұлы мұң...
Тастатпаған ажалдың қыл құрығын.
Қорқыт өлді – абыз өлді деген сөз.
Қорқыт өлді – қобыз өлді деген сөз.
Тілім өлді, жырым өлді деген сөз.
Бірім емес, мыңым өлді деген сөз!
Соны сезіп ғазиз көкірек, əз арман,
Қашқан шығар ажалдан.
Кеткен шығар, мүмкін, жердің түбіне,
Жетіу үшін бүгінге...
Мезгіл маған жалған айтып берсе де,
Қорқыт тірі,
Тірі Қорқыт!
Мен сенем.
Бағындырып бар маңайын үніне,
Отыр, əне, жалғыз шырақ түбінде.
Сегізінші көрініс
...Тынды қобыз,
Күздің суық желі үдеп,
Мазасыз бір ойға шомды төңірек.
Мəйханадан тарамаған жұрт əлі,
Айқайлайды, өңештерін жыртады.
Түнгі аспанға сұп-сұры бұлт кетті өрлеп,
Ол да айқай салғысы бар кек кернеп.
Тынды қобыз,
Қалды Қорқыт аһ ұрып,
Аппақ жалын шықты аузынан атылып.
Аңыз емес, емес, əсте, ертегі,
Құлап бара жатты айың да өртеніп.
Жанды жапырақ,
Жанды жансыз көшеде,
Жанды шарап тұнып тұрған кесемде.
Мен де жандым:
Мың өртеніп,
Мың күйіп,
Ағып кетсем бе екен көкке тұңғиық?!
Тынды қобыз...
Қалды Қорқыт кіл тынып,
Жүректейін тоқтаған бір бұлқынып.
Отырды қарт ғаламменен арбасқан,
Көзін жерден алмастан...
О, масқара!
Кім тапты екен бұл заңды?!
Құшағымда жүрген сұлу қыз əлгі –
Салқынымен шарпып өткен əр ізді,
Сайқал күннің көлеңкесі тəрізді
Тұрды елбеңдеп Ата – Қорқыт алдында,
(Қалар дақ боп сүйегіме ол күнə).
Тұрды сол қыз бір əуейлік үстінде,
Тұрды қарап, қарағандай міскінге...
Жармақ!
Жармақ!
Жазмыштың ындынын,
Алдың жаулап жердің жеті құрлығын.
Жармақ!
Жармақ!
Саған енді күн туды,
Жадылайтын менің ұлы рухымды...
Сол жармақтар қыздың
биге шақырған,
Жатты құлап аяр алақанынан.
Жатты жармақ тас бауырлау сезіммен,
Қорқытыңа қарап обыр көзімен...
Жұлдыз сөнді,
Сөнді жұлдыз,
Жел тынды,
Аңырайып Ата – Қорқыт сəл тұрды.
Қыз жамалы түн пердесі бүркеген,
Көрдей болып көрінді оған тым терең.
Өзегі өрттей, кетті жанып жиі іші,
Танауға ұрды жас топырақ иісі...


(Жыла бөбек, келер кемтар күн жыла!)
Ата – Қорқыт алысқа бет бұрды да,
Түнге сіңді,
Сіңді түнге қап-қара,
Қобыз даусы қалды артында тек қана.
Қалды жəне жұтып жатқан бір-бірін
Жармақтардың сыңғыры...
Қорқыт ата, айналдырды неге өлім?!
Сені ұлыма үлгі етейін деп едім.
Айбар шашқан аждаһадай жүзінен,
Ажал қашан жаңылады ізіңен?!
Айтыңдаршы маған, Аспан,
Маған, Жер!
Қазылмайтын Күн туама оған көр?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу