Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  86


Автор: Сəбит Бексейіт

Сұлулық пен сұрқайлық

Қалаларды Шыңғыс хан боп құлатып,
аруларды Дон Жуан боп жылатып,
сұм сұрқайлық сұлулықты қашанда
тұрады екен құрту үшін ұнатып.
Өттi Гитлер жарты әлемдi қиратып,
адольфтер қазiр де жүр "тир" атып.
Өттi Дантес әуелiнде Пушкиндi
дуэльде емес, оқты көзбен биде атып.
Не болады құлай берсе бұл әлем,
жылай берсе, қирай берсе гүл әлем?
Қара бұлттар тұтасса егер аспанда,
ұясына батады екен күн әрең...
Нұрлы өмiрге бiздер ендi таяндық,
керегi не көлге аққулы шаянның?
Сикейрос бар, Пикассо бар әлемге
керегi не янкилер мен Даянның?!
Сәулетшi жүр құлағанды тұрғызып,
мүсiншi жүр жасаймын деп дүр қызын.
Ақындар жүр жылағанды жұбатып,
жас арудың туғызам деп жұлдызын.
Басы қатты кейпiн көрiп қаланың,
сәулетшiнiң көрдi көзi моланы.
Қаусап қалған, қирап қалған сарайды,
бiле алмады не нәрсеге баларын.
Жасаурады суретшiнiң жанары,
айыра алмай түсiн мүлдем даланың.
Қыл қаламын бiле алмады, шаршады,
бояуға ма, әлде қанға маларын.
Соғыс болып кеттi сөзi баршаның,
винтовканы қойды орнына аршаның.
Гүл орнына амалсыздан оқ жонып,
мүсiншiнiң қолдары да шаршады.
Шаршады ақын, шаршады оның жүрегi,
ұштаспапты екi жастың тiлегi.
Мөлдiр жасқа толтырды қыз дәуiтiн,
солып қапты, кеше ғана гүл едi.
Бейбiт күндi неге соғыс қылады,
жанар нұрын жас қып неге бұлады?
Зерлi едi ғой зеренiндей лотостың,
Қызыл теңiз қан боп неге тұнады?
Стадионды бекiттi жау түрме ғып,
жанкүйердiң қайда кеткен дүрмегi?!
Топ алдында тұр едi ғой сайрап-ақ,
Хараның да тiлiн әне күрмедi!..
Жалықпайды сұлулықты жасаудан, –
зергер тынбас тасты ұңғылап, қашаудан.
Жалықпайды ақын әсте жазудан,
тамырында атой салып асау қан.
Сомдайды әлi чилилiк бiр құрдасым
күрескердiң ширық атқан тұлғасын.
Ал қалпына бүлiнгендi келтiру –
қара нардай төзiмдi бiр ұлға сын.
Қандай жаман ақындарға ерте өлген,
аяқтамай айтар сөзiн ертеңге!
Кiм жазады, қашан және қай ақын,
Неруданың от жырларын өртенген?!
Уақыт, саған iлесе алмас майтабан,
бәйгетөрге жетпей қалай жай табам?
Жалықпайды жаңғыртудан таланттар,
жалығады көшiруден қайтадан!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу