Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  110


Автор: Сəбит Бексейіт

Жанарыма қарашы

Жанарымда бір сен және кең әлем,
Қос жаһанды сыйғызамын мен әрең.
Алатау мен Алматыға сүйсiнiп,
Ұлылық пен сұлулыққа кенелем.
Жанарыма қарашы,
Не нәрсеге толып кеткен шарасы?!
Көрiппiн де бетiңдегi меңiңдi,
Көрмеппiн мен
Жер бетiнiң жарасын…
Ендi бiлдiм
Жұмақ – Тозақ арасын,
Ұқтым және
ғашықтардың наласын.
Сырымды ұғып,
Нұрымды алғың келсе егер,
Жанарыма қарашы!
Жүрегiмде бiр сен және кең әлем,
Қос жаһанның шуағына бөленем.
Ақындар мен Аруларға сүйсiнiп,
Асып-тасып төгiледi кенерем.
Жүрегiмдi тыңдашы,
Кеткен бе осы көкейiмдi зiл басып?!
Сезiппiн де сыңғырлаған күлкiңдi,
Сезбеппiн мен
Ел сүйетiн мұңды асыл…
Ендi бiлдiм,
Күрестердiң тынбасын,
Ұқтым және
шын ниетпен кiм ғашық.
Жанымды ұғып,
Әнiмдi айтқың келсе егер,
Жүрегiмдi тыңдашы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу