Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  313


Автор: Дулат Бабатайұлы

Қазақтан шыққан кәпірді

Тырнақтай меңі болған соң,
Тарлан тартып оңған соң,
Түгіне кір қонған соң,
Мінсіз, меңсіз, кіршіксіз
Шаңқан болмай, қылаң ба?
Ту ұстап, тұлпар жаратпай,
Алдынан топ таратпай,
Елді аузына қаратпай,
Жай оғындай оқ атпай,
Анадан тудым дегенмен,
Бастамаса ел, ұлан ба?
Ақсақ Темір Көреген –
Азуын айға білеген,
Дұшпанын саздай таптаған,
Досын майдай сақтаған,
Алтын діңгек секілді
Патша өткен Тұранда.
Азғын тартып, сұйылып,
Қасиеті жойылып,
Онан соңғы хан мен бек,
Аталыдан азған тек,
Суалып қалды қараңға.
Елді судай сапырған,
Белшесінен батырған,
Шілдеде мұзды қатырған,
Толыны төгіп-шайқаған
Берілді тізгін лаңға.
Құрт жегендей қуарып,
Қазаның тандыр суалып,
Елдігің кетіп ыдырап,
Бәйгені өсек-сыбыр ап,
Алтын жығаң сөгіліп,
Абыройың төгіліп,
Барыңнан да жақсы еді
Жоқ болғаның мұнан да!
Құзды мекен еткенмен,
Өткелектен өткенмен,
Қарауыл салып үргенмен,
Сақтанса да мергеннен,
Ажалды оқтан құтылмас,
Сақсынғанмен бұлан да.
Екпіні желдей есілген,
Төрт аяғы көсілген,
Ажалдың құрған шебінен,
Аса алмайды шегінен
Қыр тағысы құлан да.
Мекен қып құздың қиясын,
Бұлтқа салған ұясын,
Айнадай көрген аймағын,
Түйінін шешкен айланың,
Жерге қонбай ұша алмас
Көк еркесі қыран да.
Түсі суық, у тілді,
Қарға адым жер боп мұңы,
Үнемдеп жалап топырақ,
Бұта көрсе тоқырап,
Қыс болса қатып сіресіп,
Жаз өмірмен күресіп,
Аяғы жоқ, еңбектеп
Күн көріп жүр жылан да.
Шын тұлпардың тұқымы
Көз танырлық сықылы,
Жарамар жабыдан
Сенімді атқа қосуға,
Тас түссе талай-бағына,
Сырын алған құнан да.
Сендер түгіл, құмырсқа
Ісін қойып дұрысқа,
Илеуін caп жабылып,
Жемін тасып сабылып,
Бір орыннан табылып,
Біріне бірі бағынып,
Береке-бірлік шақырды.
Жорғалап, болдың бөдене –
Бас қоспайсың үмеге,
Бәтуа кетті аузыңнан,
Сөзіңе адам сене ме?
Бытырап, азып-тозған ел
Бөдене емей, немене?
Ортаңа орыс келген соң,
Ел қорғар ерлер өлген соң,
Толыңды, елім, шайқады,
Тұнығыңды сапырды.
Айбынбас онан дұшпаны,
Бейне албасты нұсқалы,
Ел ішінде борандай,
Аяздай болып қысқаны,
Шет жауға қарсы тұра алмай,
Көтінен қорқып пысқаны,
Жатып ішер жалмауыз,
Борсық тұмсық, қанды ауыз –
Ұлық қылған, құдай-ай,
Қазақтан шыққан кәпірді!
Шетке қылмай ерлікті,
Ел қорғайтын ер бітті.
Тебінгісін тоздырып,
Құрғатпай тоқым-терлікті,
Қой ұрлыққа мақтанған,
Кептірмей тоқым аттанған,
Ел жиренген ісінен,
Азған елдің ішінен
Қазан бұзар үй тентек –
Көрдік шыққан батырды.
Елді еліртіп азғырған,
Әуесқой қып аздырған,
Жазықсызды жазғырған,
Аузы епті өсекке,
Тұлпар ат беріп есекке,
Ен жатқан елді бүлдірер,
Сөзінен бәле үдете.
«Шешен» де бір дедің-ау
Су жұқпайтын тақырды.
Туралыққа көшпеген,
Өркендеп өніп-өспеген,
Қозы бұты, қой саны,
Сабаздардың ақ қаны,
Момындардың ақ малы
Обал болды деспеген,
Іліп салып езілтіп,
Дау түйінін шешпеген,
Параны жұтқан кесектеп,
Түспей жатып төсектен,
Жезден қарғы тағынған,
Кәпірге дінсіз бағынған –
«Би» деп атау бердік-ау
Үйінді тас молаға!
Елін сатып, шен алған,
Өлекседен жем алған,
Кебеже қарын, кең өңеш,
Өлексе көрсе, үңіген
Күшігеннен кем емес,
Тек дейтұғын тегі жоқ,
Өз еліне ебі жоқ,
Жатқа зерде кегі жоқ –
Азған елге бек болды
Ағынды мырыш, қолаба.
Шенділердің қылығы,
Елге істеген былығы,
Парақор би мен ұлығы –
Ұйықтасам, кіріп түсіме,
Өңімде қуат-күшіме,
Есерлердің ісіне,
Азған елдің ішінде
Дулат сынды сорлыда
Ұйқы, тыныштық бола ма?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу