Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  104


Автор: Динара Мәлік

Жаныма кеп жасырынып түнменен...

Жаныма кеп жасырынып түнменен,
жүрегімнің терезесін қағасын.
Сендік болу санама да сіңбеген,
Құшағымда ғанасын.
Тыныштықта тірлік етіп жүресің,
Үндемейтін әлемімнің ішінде.
Саған сырттай тәуелдімін білесің,
Мейлі, мүлдем түсінбе.
Аспанның да ар жағында арманым,
Қара жердің тамырына жалғанған.
Өмір өзі шешер дедім қалғанын,
шешуі жоқ болғаннан!
Сүйіп тұрып безінгім де келмейді,
Көңілімнің сен білетін күйі бар.
Жаратқанды пендесіне кең дейді,
Уақыттың да сыйы бар!
Шын сүюдің соңы үйлену демеймін,
Айтылмайтын сырым болып қалмашы.
Көрінбей кеп күндеріңе түнеймін,
Жырларымның жалғасы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу