Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  115


Автор: Динара Мәлік

Мен қызғанып қалды екен деп ойлама...

Мен қызғанып қалды екен деп ойлама,
Терең сырды тебірентер ой ғана.
Сен қарайсың терезеге күбірлеп,
Мен қараймын алабұртып айнаға.
Бір бөлмеде екі түрлі толғаныс,
Бір бөлмеде екі түрлі алданыш.
Бізден бұрын жүрек кетіп барады,
Лүпілімен сезіндіріп жолды алыс.
Алыс жолға беттей алмай күрмелдік,
Жүрексіз-ақ, жүзімізбен түрлендік.
Аяғымыз өзі бастап баратын,
Өмір дейтін қараңғылау көрге ендік.
Жүрек кетті сия алмады бөлмеге,
Сырын айтпай, мұңын айтпай гүлге де.
Мұп-мұздай боп құшақтасып отырмыз,
Ақиқатты айта алмайды түн неге?
Бір бөлмеге шектеледі шындығым,
Жалғаныма жауапты екен бір күнім.
Есім түзу болғанына өкінем,
Жүрегім жоқ болғаны үшін жындымын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу