Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  111


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Күмiс зерлi қазыналы жағданды....

Күмiс зерлi қазыналы жағданды,
Естiгенсiң жерден қазған бағбанды –
Жағдан iздер жағдайым жоқ, жарқыным,
Құйын соғып, таппай қалдым қағбамды…
Естiгенсiң, ертегiден бiлесiң,
Үмiттi бiр дүние деп жүресiң.
Үлкен-кiшi қазыналы ел Отаннан
Үзiп-жұлып алып алды үлесiн.
Не қыласың жер астының көмбесiн,
Не қыласың көкiректе от сөнгесiн…
Қазынасын шашып болған оң-солды,
Туып-ақ тұр Қазақ деген елге сын.
Жабырқаулы жоқ-жiтiк боп жұртым жүр,
Емен-жарқын шықпай қойды-ау күлкiм бiр…
Тау-тасымның, орман-көлдiң байлығы,
Тасыса да, толмай қойды-ау ұртым бiр.
Қазына iздеп мен несiне қаңғиын,
Сауалымды сарабыңа сал, миым,
Кең мiнезбен кереметтер жасауға
Кереметтей келiп-ақ тұр зар күйiм…
«Жағдан тауып бере ғой» деп, жарқыным,
Сабырымның соңғы ұрттамын сарқыдың.
Асандары Хасандардан алданып,
Əсте жолы болмай қойды жалқының.
Зар күйiне ендi келдi жүйрiгiм,
Тəңiрiнiң күтемiз бе бұйрығын?
Қарағайға қарсы бiткен бұтағым,
Тереңiме сүңгiп алған сүйрiгiм…
Зар күйiне ендi келдi қобызым,
Күңiрентiп алып кетер қолы ұзын.
Молықбайдың моласынан үрiксiн,
Қазағымның қанында əсте жоқ ызың…
Қазыналы жағдан емес, жұрт керек,
Кеудесiнде көмбесiнен күт дерек.
Ертегiден шындыққа енген сəтте де
Қажет болып тұр ма тағы сырт көмек?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу