Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  93


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Қайран өлең...

Қайран өлең,
Сен тұрғанда мен осы қайдан өлем?
Түсiң бермей жүргенмен түңiлдiрiп,
Түтiктiрiп қойсаң да пайда көрем…
Пайдакүнем болып мен көрiп пе едiм,
Бiр ағама аз-мұң күн елiктедiм.
Көнiм қатып, қалыпқа түсiрдi де,
Бола қалдым тетiгi серiппенiң.
Өлеңiм-ай,
Өлмейтiн өлеңiм-ай,
Ермей қалған Абайдай еменiм-ай!
Көрем деген тiрлiгiң осы ма едi –
Бiр кiсəпiр төбеңнен төгедi лай.
Қайран өлең,
Қасымнан қалып қойған.
Қалып қойған сəтiңе халық қайран.
Ала кетсем деп едiм мен де сенi –
Жетпейдi екен, əттең-ай, алыпқа айлам.
Қасымды да бiреулер «қара» дедi.
Алып қашып құтқарды дала желi.
Сенi алып қашатын кiм бар екен?
Кiм бар екен тыңдайтын кəрi əженi?…
Мұқағали кеттi де мыңдар қалды.
Шыңғырған үн шырқау көк, шыңдарды алды.
Сəлемет пе ей, өлең, сен қашқасын –
Жұматайдың басына мұң-зар барды…
Еңкейместен елуге келмей кеткен –
Бiр тал гүлiн бақыт қып бермей көктем…
Жүрегiмдi осатын жасын ұшы
Көктөбеде қамшысын сермейдi өктем…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу