Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  106


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Қолаң шашы төгiлдi...

Қолаң шашы төгiлдi,
Көз жасын да көргейсiң.
Аш күзендей бүгiлдi –
«Алғыншым» деп бiлгейсiң.
Жетiм сорлы жылайды,
Жұбататын жаны – сен.
Жылы сөзiң ұнайды,
Кеше жай бiр таныс ең…
Үрей кештi үндемей,
Ертеңi үшiн – бұлыңғыр.
«Күндiз» демей, «түн» демей,
Жан отыңа жылындыр.
Басқа салды көнедi,
Көмпiс еттi жалғаны.
Кезек-кезек өледi,
Қырық жанның қалғаны.
Сүйiп қалды жазығы,
Сенiмi де тым əлсiз.
Түнгi оттың азығы,
Құрбандыққа құмарсыз…
«Қылша мойын – талша» деп,
Мойынсұна бұл пақыр…
Серқұмары қанса кеп,
Серпiле алмас құл жатыр.
Құл мiнезден құтылып,
Қуантар ма, əй қайдам,
Тiлi кеттi жұтылып,
Көзiңдегi айғайдан.
Қолаң шашың төгiлдi,
Көзiң жасын көргей де.
«Көтерiсер көгiмдi,
Аспаным» деп бiлгей де…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу