Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  83


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Қырдан ескен қызыл жел...

Қырдан ескен қызыл жел,
Жүйрiк қолы ұзын жел
Жұқалап бiр сыр айтып,
Жоғымды айтып мұңайтып,
Желғабыздай сын салды,
Желқобыздай үн салды,
Шалғайына сүрiндi.
Емпең-емпең жүгiрдi,
Шат-шəлекей бүлiндi,
Екi етегiн түрiндi.
Баларқалы бел асқан,
Баябан мен көл асқан,
Жолсыз жерден жол ашқан –
Жан сарайын сол ашқан…
Ойлап-қырлап желген сол,
Ойда жоқта келген сол,
Кешкi ымыртта əл берген сол,
Кезең асып өлген сол…
Қырдан ескен қызыл жел,
Жүйрiк қолы ұзын жел
Көкiрегiмді тазалап,
Көңiлiмдi мазалап
Желғабыздай сын салды,
Желқобыздай үн салды…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу