Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  110


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Дүнияда менiң мiнiм жоқ...

Дүнияда менiң мiнiм жоқ,
Дүрия көйлек кигенiм.
Дүнияда сенсiз күнiм жоқ,
Дүр сезiмiммен сүйгенiм.
Тұла бойың толған наз,
Еркелерсiң, айтарсың.
Бұла мiнез болған жаз
Жапырақтай жайқалсын.
Балаң көңiл байқаған
Бала шыбық бүрлеуiн,
Жайсаң көлiн жайқаған
Бидайықтың гүрлеуiн…
Жауырын жапқан қолаң шаш
Жуған сайын толқындар.
Жұпарын жұтып болам мас,
Дүнияда қандай олқым бар?…
Көңiл бiрлеп көргенiм,
Көкейiме түйгенiм.
Жаһаннан iлген жөргемiм,
Көк жүзiнен шүйгенiм…
Екi жақты, бiр тiлдi,
Дiлмəр едiм айтулы.
Көмейге сөзiм iркiлдi,
Қызыл тiлiм қайтулы…
Тал бойыңда мiнiң жоқ,
Дүрия көйлек кигенiм.
Дүнияда сенсiз күнiм жоқ
Дүр сезiммен сүйгенiм…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу