Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  109


Автор: Ахмет Өмірзақов

Атпай қалар болсын мейлі таң тіптен...

Атпай қалар болсын мейлі таң тіптен,
Таңданбайды ақындарға жан біткен.
Жан біткенге іңкəр емес Ақын да,
Мерген-сынды Ол – иесіз тауда аң күткен…
Пенде ғұмыр – жұрт не десе бас тартпау,
Жүрегіңнің тілегінен қашқақтау.
Көптің көңіл-қалыбына сияр ма ек,
Қайран, біздің тағдырымыз асқақтау!..
Біз бір тұтқын – қашып шығып қапастан,
Шет-шегі жоқ көк теңізде адасқан.
Қарай-қарай көз талғасын бекерге,
Қуантпайды бұлт қалқыған ақ аспан...
Жыр оқыса біреу мінбе басында,
Жұрт балайды əрбір сөзін жасынға.
Байқай алмай кетеді, əттең, аңқау ел,
Шын ақынның жүргендігін қасында!…
Жырдан бəйге ап – болар шақта көз құрты,
Ғұмырымыздың тимей қолға өз кілті;
Тағдыр бізді туған жерге байлапты-ау,
Ең алдымен танысын деп өз жұрты!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу