Өлеңдер ✍️

  08.05.2022
  143


Автор: Сабыр Адай

Біткені ме осыменен ер ісі

Көп күн өтті көңіл шіркін елемей,
Жалындаған жігіт едік жебедей.
Енді орын жоқ бұрылармыз қай жаққа,
Жағалауға шығып қалған кемедей.
Қорқаулардың қоян сүрлеу желісі.
Өткіншінің сырпылдайды кебісі.
Саған енді не демекпін жалғаншы,
Біткені ме осыменен ер ісі.
Кімге қайыр қылатындай іс қылдық,
Өтті өмір, көрген бейне түс қылдық.
Бес саусақты бірге бүгіп көрмей-ақ,
Бетегеге шығып алып ысқырдық.
* * *
Билік айту несін алған бəлсіну,
Болмағасын тəн Тəңіршіл, жан сұлу.
Желкесінде арам байдың түлені,
Қанды қолын жумаса да хан сұлу.
Əміршілер қырғи тектес қырағы,
Əлсіздердің өшті мəңгі шырағы.
Аңызаққа аңқа кеуіп уілдеп,
Паналайды жылға менен жыраны.
* * *
Кеуде қуыс, шығар-шықпас жан қайда.
Жыр кəусарым ішсем шөлім қанбай ма?.
Қайда менің бал сыбызғы əуезім,
Таң сəулесі тамшылаған таңдайға.
Көмейім де көлім бар-ды шалқыған,
Өзегім бе, өзегімде бар тұман.
Не жазса да көрем енді маңдайға,
Бəрі бір де осы жалған қалмай ма?!
... Несіне Мен, тартынам!?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу