Өлеңдер ✍️

  08.05.2022
  102


Автор: Сабыр Адай

Жолым үй

Жол үстінде жолым үй жолдан қалсаң кірерсің,
Тілегін сосын тілерсің.
Тілінген тірсек еліңнің,
Тірлігін көріп, білерсің.
Ақжарқын жеңгең пəк күліп, көжесін берер көңілмен,
Бермеген бір күн өмір дем.
Қанағат-шүкір жайлаған,
Көп ыстық осы үй төріңнен.
Шығарып салар шырылдап, шаршасаң тағы келгін деп,
Керегем кербез кеңмін деп.
Ауылға барам мен жиі,
Ертеңгі күнге сенгім кеп.
* * *
Отпан тауым есіңе алып тұрарсың,
Есі кетіп сені сүйген балаңды.
Сен де бірақ тарқамайтын мұнарсың,
Кім біледі бағаңды?!
Туыс қылып көрмек болдық Алашты,
Тұғырыңнан ұран жағып, шақырдық.
Қыран шыңға, қырсық жынға таласты,
Тау астында жатыр құт.
Бабам тұрды балдарынан үміт қып,
Анам тұрды уыз салған таңдайға.
Ер мен елді танытсақ деп ұлық қып,
Талай соққы тиді біздің маңдайға.
Бердік, міне, тауларды да, тастарды,
Қай қадеге жаратады қарасын.
Ата салттан айырмаңдар жастарды,
Отпанға кел, қайда кетіп барасың!?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу