Өлеңдер ✍️

  08.05.2022
  116


Автор: Сабыр Адай

Ұл үшін

Бостандық дедім кім үшін?
– Бар болса деді ұл үшін.
Бостандық дедім кім үшін?
– Айтқанмын деді дұрысын.
Қолғанат1 ағам ұрысты
– Қай жерден оны көрдің деп.
Қозғама деді бұл істі,
Қорланып менде көндім деп.
– Солай ғой аға білгенбіз,
1 Қолғанат – Қолғанат Нұржаубай.
Қанағат түбі қайырдан.
Кем едік тегі кімнен біз,
Сенімнен кімдер айырған?!
* * *
Жыр тамып тұр сенің қара көзіңнен,
Не табасың сөзімнен.
Сезесің бе сенде бəрі байлықтың,
Ізде жырды жүрегіңнен өзіңнің.
Сенде бəрі асыл арман, үміттің,
Ұлт санасы – ұлықсың.
Не таппақсың мендік жырдан таста əрі,
Сенің өзің сырға толы құлыпсың.
Сен бар жерде ортаймаған көңілім,
Өлең менің – өмірім.
Қайтесің сол мендік жырды парақтап,
Өз үніңнің қыздыр жағып көрігін.
* * *
Сағы сынған сөз көрдің бе, сарғайған,
Арлы жанның көмейінде қан майдан.
Құлыптаулы сөз көрдің бе, кісенді,
Бағы тайған маңдайдан.
Сөз көрдің бе адалдықтан көмілген,
Құшақтасқан, пышақтасқан өліммен.
Сөз көрдің бе дарға асылған далада,
Ту сыртынан өз иттері көп үрген.
Сөз өлмейді түн тізерлеп, ай құшсын,
Бүтін дейсің ақ қанаты қай құстың.
Сөзді көрсең зындан кезіп, сенделген,
Обалына дұға қылғын байғұстың.
* * *
Сенің үнің күміс сынды сыңғырап,
Бір күледі, бір жылап.
Сол ғұмырың аққан жұлдыз, аппақ таң,
Сұлу бар ма бақ тапқан?!
Көз қызығы көңілдерге жұбаныш,
Жыр-жұлдызым тұр алыс.
Менің қолым – тал бұтағы дір қаққан,
Шырақ ұстап жыр жаққан.
Сен сөндірме өзі жанып өртенсін,
Жанбай қалса өртерсің.
Ақын едім – алтын шуақ күнің ем,
Өмір ғой бұл, бірі кем.
(От ішінде айтып тұрмын мұны мен)
* * *
Дəл осылай өте бергін, елеме,
Өткен қайтып келе ме.
Дəл осылай мұңсыз болып көрінгін,
Өзі солай өмірдің.
Дəл осылай танымаған бол жаным,
Мен тағы да жолдамын.
Дəл осылай жылап жүріп күле біл,
Қасыңдағы кім еді ұл?!
Құтты болсын, міне, өлең, міне, гүл!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу