Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  183


Автор: Ерлан Жүніс

Сен жылаған түні

Сен жылаған түні
Еріксіз жасым сорғалап, шошып оянғам,
Түн деген сап-сары сағыныш екен деп,
Қара түске шашы боялған,
Кім білген, дүние-ай, мұны.
Сен жылаған түні,
Зағип түннің көзінен нұр іздеп жатқам,
Жан-жағымды сипалап шам таба алмай,
Кірпігімді көз жасыммен тұтатқам,
Өртеніп өзегімнің бүрі.
Сен жылаған түні
Ащы жасыңды жұтқан жастықты қарғап,
Қара түннің қабырғасын тіліп,
Өзімше сені солайша қорғап,
Ұлыған шарасыздық мұңы.
Сен жылаған түні,
Бұл өмірдің күлкісін жек көріп кеткем,
Жымыңдаса жұлдыз, мазағы ма деп,
Күлімдеген айды кеудеге тепкем –
Бір тамшы жасыңның құны.
Сен жылаған түні,
Он екі мүшем егілуші еді, жаным,
Түн қойны мұздап сала беріп кенет,
Мен неге шошына бастадым тағы,
Мен неге жатырмын тірі,
Сені тағы жылатқанда мына түн?!
* * *
Қайтқан құстың қанатының суылы...
Сенің жаның, бәлкім, содан суыды,
Менің жаным, бәлкім, содан жаурады...
Уыз емген үміттердің уілі,
Еркелескен еріндердердің күбірі,
Көшкен бұлттай көкіректен аунады.
Мен шықпаған арманыңның таулары,
Сен кезбеген бақытымның баулары.
Білесің бе, мазалайды мені кеп...
Құс арманы қанатынан саулады:
Есалаңдау осы нөсер жауғалы,
Бір жылағым келетіндей еңіреп.
Қаз қаңқылы, қу сыңқылы қайғылы,
Аласұрған ақ аспанның айдыны,
Күрсінеді күзге ұрынып көңілсіз.
Жалғыз келем көкірегім шайлығып
Қарауға да дауаламай қайырылып,
Не өмiрсiз, не өлiмсiз – өзіңсіз...
* * *
Құрбым деймін, құшағың құрдым деймін,
Мың тазарып, өзіңмен мың кірлеймін.
Мерейіңнен алдында мылқауланып
Мейіріңің алдында міңгірлеймін.
Қарашығы көзіңнің жылым деймін
Жұтып бара жатса да күлімдеймін.
Ессіз сезімдерімнің періштесі
Көзсіз сенімдеріңнің піріндеймін.
Көңіліңнен, кербезім, дала көрдім.
Сол даланың аңсарын ала келдім.
Ерініңнің қып-қызыл сәулесімен
Арманымның суретін сала бердім.
* * *
Кетті, келген соң кеткісі,
Бөтен жар, басқа үй...
Сейфуллин проспектісі,
Такси.
Көзі – алқызыл сүрмелі,
Алқызыл плащ.
Ол ештеңе білмеді,
Білмедім... рас.
Қарлы,
Желтоқсан басталды,
Сәл күтсе нетті?!
Ештеңе жоқ астарлы:
Кеткісі келді, кетті.
Себеп те жоқ тілдесер,
Салдары – ауыр...
Жүректерде бүрлесе
Кінәмшіл сәуір...
Күлкі – екеу, мұң – жалғыз,
Кетті... Мен де кетем.
Аялдамада тұрған қыз –
Бөтен.
* * *
Сүйемін деп тағы да қайталашы,
Қайталашы, қанша рет айта аласын.
Жүрек барда – шайырдын көзесіндей,
Көңіл барда – сұлулар шайханасы.
Тілін жүр ем үйреніп түнерудің,
Арманымның елінен күле кірдің.
Құшағымда ай жатты аласұрып,
Жырын жұтты жұлдыздар жүрегімнің.
Іңкәрлігің құшағын жайса маған,
Безіп кете жаздаймын ой-санадан,
Кекіліңнен айналдым күн тараған,
Кірпігіңнен бір-бірлеп ай санаған.
Неге мұнша сезімдер күрделі еді?!
Күрделі етіп жіберді бірге мені.
Кеудемдегі бірдеңем сені көрсем,
Бірдеңе деп айтады бірдеңені.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу