Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  86


Автор: Серікбай Әбілмәжін

Күз әні

Көңілімнің іргесінен қыркүйектің бұлты аунап,
мұңдастығын сылтау етіп сезімімді жылытар бақ.
Жапырақсыз бәйтеректер, тыр жалаңаш емендер,
жайрап жатқан жапырақар,
жапырақтар – өлеңдер.
Жастық тойы тоқыраған гүлдің еріні кезерген,
Бұлбұлдардың бұла әнінен бір салқындық
сезем мен.
Бар тіршілік қақ бөлінген, екі үйекке жіктелген,
Бірі мұңлы һәм самарқау, мезі болған күткеннен.
Бірі асығыс, әр қадамы, әр тынысы есепте,
Бақыты оның – байлығы мен бақастығы кесектеу.
Бір бойжеткен көз бұлады армандасын жоғалтып,
Бір бозбола кердең басты арманына қол артып.
Бір жеткіншек мектебіне, ертеңіне асықты,
Бір қария сөзін бұлдап ел төріне асықты.
Бір келіншек жар төсегінде өртенуге асықты,
Бір жұмысшы тұрмыс үшін тер төгуге асықты.
Бір бұрышта иесіз ит налу да жоқ, қайғы жоқ,
Бір бұрышта қаңғыбастар, асқақтық пен
айбын жоқ.
Құмығыңқы күздің даусы...
Қала у-шу, даңғаза,
Бұнда оқылған өлең жетім, бұнда салған ән қаза.
Көгіс тартқан бетон сынды күл беттенген өтірік,
Дәйегі жоқ сөз боратқан көрік сынды көкірек.
Тәубесімен өксік басып, өзін-өзі жұрт алдап,
Көгіс тартқан көңілдерін сәл-сәл ғана
жылытар бақ.
Қайда барсаң дірдек көңіл, қайда барсаң құлазу,
Тыңдап тұрар бір құдырет бар да шығар
күз әнін.
Күз реңді сары қызға ғашықтықтан шығар бұл,
өзім осы көңілсіздеу күз әніне құмармын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу