Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  80


Автор: Орынғазы Мәнбазарұлы

Ынта

Тербетіп таулар мені, дала мені,
Адаспас жолға салған ең əуелі.
Ұлар шу табиғаттың сарынынан,
Құйылған құлағыма əн əуені.
Қуансам көкірегім қақ жарыла,
Дал ұрмай ой салғанмын жан-жағыма.
Ағайын бұзып-жарып сөз алғанда,
Қысқартпай əңгімені жалға арыға.
Рухымен қатал мінез бабалардың,
Өзімді-өзім сыналап бағам əр күн.
Тұратын бұрқ-бұрқ етіп намыс қайнап,
Ең керек тазалығы маған ардың.
Сонан соң өз мінімді өзім табам,
Іздену ізсіз жерде өр ынтадан.
Жарытар не жырғатып елдің жанын,
Алдымен өмір сырын өзі ұқпаған.
Самғаса көкте алысты торып қыран,
Сезімді соған қарап толықтырам.
Қап балам күңкіл деген бақ таластың,
Талайын өз шаңыммен жолықтырам.
Бойымда бір ұлы күш бермей тыным,
Ол менің ізгілікке шөлдейтінім.
Қамында соның ғана менің жаным,
Еңіреп жер дейтінім, ел дейтінім.
Жетемін қуған арман, тілегіме,
Осыған бəс ағайын тігерің не?
Тұлпарым бетіне алған мақсат үшін,
Келеді қашап басып тік өрінде.
Мен осы антымды айтып алға шығам,
Не керек түкке жетпей қалған шыдам.
Алған соң оттай ыстық ынтам ауып,
Бір тынбай бұл сапарды жалғастырам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу