Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  84


Автор: Орынғазы Мәнбазарұлы

Аралтөбе

Ақ пейілді ағалар ақыл кені,
Құшағыңа құлайын шақыр мені.
Амансың ба? Ай маңдай жеңгелерім,
Бір-бір үйдің аяулы нар тірегі,
Сəулетіңе талатын аттың белі.
Сəбиіңмен ойнайын былдырлатып,
Дем алдырып мыйымды бір уақыт.
Өрбіп өскен өрісім өзің барда,
Санап жүрмін басыма мұны бақыт.
Еркелейтін өзіңсің анам анық,
Көз мейірін қандырам қарап алып.
Түскім келіп тұр қайта таразыңа,
Сындарыңды айт мініме араңа алып.
Жуып едім бетімді тұнығыңа,
Не қып бердім ылайық бір ұлыңа.
Тентегіңнен санашы нешеуі жүр,
Құшағыңды ду қылған бұрын мына.
Жақын барма құрбыдай жасы құрдас,
Бұл жалғанда жан сыры жасырылмас.
Жиналыңдар қонайын бір үйіңе,
Аңсап келдім көңілдің мауқын бір бас.
Қазынаға көкейі ат көпір ел,
Сенен биік тауым жоқ арқа тірер.
Менің біттей тысымды зор санаған,
Сенде қормал қара шал ақ кемпірлер.
Адамыңнан киелі жан өте ме,
Бір адамнан туғандай бəрі етене.
Тірлігіме тыныс боп гүлдене бер,
Туған ауыл, туған жер Аралтөбе.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу