Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  138


Автор: Орынғазы Мәнбазарұлы

Менің жаным

Қарай білген түкпірлеп кісі мені,
Сірілігін жанымның түсінеді.
Ұстап алғым келеді өңім түгіл,
Жақсы ойдың сағымын түсімдегі.
Менің жаным алғаны сіріленіп,
Өмір-ана келемін сіріңді еміп.
Жетіледі ол жүзіндей ақ семсердің,
Өткірлікке ылайық суын беріп.
Басыма кеп бүгін бақ тоқтағанмен,
Темірдей боп шыдағам жоққа да мен.
Жалғыз өзім атыма бəйге алғаннан,
Жарысқанды сүйемін топты адаммен.
Жаным сірі болғаны оты бары,
Шығам салған жеріңнен өтіп ары.
Сірілену оңай ма ұсталардың,
Жедім талай балғасын ол туралы.
Артта қалса өзіме арнаған іс,
Көрем оны жаныма арлан намыс.
Отқа салып жанымды қуып келем,
Арман қашып барады арман алыс.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу