Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  97


Автор: Орынғазы Мәнбазарұлы

Сенімімді...

Мұздағанда шытынап көңіл əйнек,
Өкінемін шытырман өмір-ай деп.
Жақсы ойдың жарқ етсе бір ұшқыны,
Жат қиялды жеңеді омбылай кеп.
Тұрмыс қалай кірбеңсіз жалғасады,
Қуанудың бірыңғай барма сəні.
Жалғыз күннің ішінде бір басыңнан,
Ыстық-суық сан рет алмасады.
Алма кезек жүретін осы заңды,
Боп отырмын білмейтін досқа ызалы.
Айыққанша бейнетің құлан таза,
Кейде рақат ұзақ жыл тосқызады.
Адам көрсең үйренген өнері үстем,
Өнегесін береді өрелі істен.
Соның бəрін көз көріп тіршілікте,
Шауып өтіп келемін өр еңістен.
Өмір ыстық қойныңнан топтап үлгі,
Жиып келем там-тұмдап жоқтарымды.
Түкпірлесең жанымды білесің дос,
Сенімімді асылдан соққанымды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу