Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  78


Автор: Орынғазы Мәнбазарұлы

Жарқырайды...

Біз жетеміз тамаша келесі күн,
Бəрі осы сөз екі адам кеңесінің.
Қай қырда айқара өзі ашып тұр,
Алты қанат ақ орда бізге есігін.
Ентелеген біз деген бəйге ілегі,
Құр өтпейді төлдемей ай-күн енді.
Қоңыраулы біздің көш қоныс тапқан,
Жер бетіне жеңіс боп əйгіленді.
Орман болды шыбықтар қадаған тік,
Ендігі құт шалқиды онан да артық.
Түлежіген тіршілік салтанаты,
Жігер отын тамызды алаулатып.
Қоймасын ашты ақылдың, парасаттың,
Қанат ол арман тауын ары асатын.
Желпініп тың шабытпен меніңдағы,
Өміршең өлең жазып алар сəтім.
Сараптап сан асуды, кешулерді,
Ұлы өмір жаратты көп шешімдерді.
Жолдардың қиын-қия бəрін басып,
Тартады біздің қуат-күш ілгері.
Жолыңа өмір күші үңіліп мың,
Миллиондар жүрегінің үнін ұқтым.
Аймалап ақ сəулесі маңдайымнан,
Жұлдызы жарқырайды ұлы үміттің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу