Өлеңдер ✍️

  05.05.2022
  94


Автор: Фариза Оңғарсынова

Қаралы күн

Елдің жаны жаралы,
Жердің тəні жаралы.
Жасқа тұнған жанары
Иран бүгін қаралы.
Көрдің бе анау баланы,
ақсақалды, ағаны,
қара жапқан ананы
көзінен жас тамады.
Арман бар ма
əр адам
бөленсе елдік сенімге.
Мұң жамылған бар алаң,
жаным дал-дұл менің де.
Ойлар келіп нелер бір,
салмағы – ауыр қорғасын,
көңілім – пəс, денем зіл,
сорғалайды көз жасым.
Сілтеп билік құрығын,
бұл өмірден өткен көп:
сорып елдің шырынын,
қанға бөккен өктем боп.
Халқына арнап ғұмырын,
азап-мұңды шеккен көп,
рухы Иран ұлының
көгінде жүр кептер боп.
Тұрдық біздер
мұншалық
махаббатқа таңданып,
жанды баурап бір шабыт...
егер жерде бар халық,
қадір тұтса осылай
елім деген ұлдарын,
əділетке құндағым
толар еді-ау, досым-ай...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу