Өлеңдер ✍️

  05.05.2022
  103


Автор: Фариза Оңғарсынова

Ташкент

Мынау менің қалам ба? Жат іргенің
ұқсамайды жеріне. Атыңды елім
өзімсініп атайтын.
Бар болмысың
неге сонша жаныма жақын менің?
Шуағы ма уақыттың, бұрқағы ма –
саған қарап ұмтылдым нұр таңыма.
«өзбек – менің өз ағам, біліңдер!» – деп
үйретіпті қазақтар ұрпағына.
Аға барда – Күн күліп, Жер жасарып,
қас жүйріктей көсілер менде шабыт,
асқар таудай ағаға сенген көңіл
салқам жүрер аяқты кеңге салып.
Аға үйі – ақ орда, құрыш іргең,
еркін кірем бұл үйге, тынысым кең.
Сыбырлайды сыр айтып
əр кірпіші
Надираның жыры мен мұңы сіңген.
Базарыңның бояуы-ай, əз алыбым,
аралассыз, бұдырсыз – ғажап үнің!
Кіріп кетсе, шыға алмай қалатындай
аузын ашқан аңқаулау қазақ інің.
Іні, сіңлі – бауырлар шаңқан жаны,
сызды сезбей, жүрсем-ау ортаңда əлі!
Жуып жатыр мұңымды ақ жауын боп
кең даладай көшенің фонтандары!
Ұрпағыңа жыр – мұра, ерлік – үлгі,
тамыр терең – үзе алмас сел бүгінгі.
Жаса, Ташкент – ағаның ақ отауы,
шаң шалмасын кеңдік пен елдігіңді!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу