Өлеңдер ✍️

  05.05.2022
  341


Автор: Фариза Оңғарсынова

Ұлы жол

Жолдар, жолдар...
барады алға асығып.
Жаяу – талып, ат – арып, арба – сынып
жылдар өткен.
Бəрібір жетелейді
көз ұшына қыз көрік таң жасырып.
Жолдар, жолдар
сағымды белес серік,
тұратындай бір үміт елес беріп.
Уақыт-толқын шаяды
парақтарын
жолдар жайлы жазса егер Жер естелік.
Дала жолы...
бастауын таба алар кім...
Ізі ме əлде боз інген, қара нардың?
Əлде бұл жол соқпақ боп басталды ма
қызыл-жасыл көшінен бабалардың?
Дала жолы – құпия сыр қаптаған,
бастауы да, шегі де – жұмбақ маған.
Жұмбақ маған үмітпен өтті үстінен
қиял қуған қаншама күн қақты адам.
Дала жолы керіліп сал қылықпен
(талай мен де жолымнан таңды күткем),
ертіп кетіп барады кең даланы
жүздесуге қозғалыс-мəңгілікпен.
Дала жомарт, жасарған бүгін ол да,
бірақ үнсіз – өткерген сыны мол ма?
Нені кештің басыңнан, сары дала,
жеткеніңше бүгінгі ұлы жолға?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу