Өлеңдер ✍️

  05.05.2022
  129


Автор: Фариза Оңғарсынова

Сарыарқаға арнау

Сарыарқа,
сал көрікті сайын далам,
қалмайды сен тұрғанда Айыңда мəн.
Кеудеңнен қиырларға көз жүгіртіп,
биік пен аласаны айырды адам.
Еске сап серілерді
сыңғырлайды
қаптаған қарағай мен қайыңнан əн.
Тарылып жан дүнием баратқандай –
кеңдікті көзден ұшқан қайыр маған!
Кеңдік пен дархандықты іздестіріп,
таппап ем сабылумен күн кеш қылып,
қалса егер олар бүгін – тек өзіңде,
басқасын əкетті уақыт мінгестіріп.
Көгілдір көкжиегің тұрады əлі
дала мен көк аспанды жүздестіріп.
Қастерлі ең қырандарға тұғыр болған,
мені де шырқатшы бір нұр кештіріп!
Жайып сап жомарт жанын қыр, жазығың,
малынып жатыр бақыт-нұрға бүгін.
Берумен барын
содан лəззат ап,
ешкімнен дəметпестен бір қарымын.
Мен болсам – алу ғана есіл-дертім,
сөнердей беру десе күн-жарығым.
Бер маған,
жомарт дала,
өзіңе тəн
қарымсыз жан мен жүрек мырзалығын!
Сарыарқа,
көгілдір тау,
самалды алаң,
нəр іздеп самалыңнан саған барам.
Көлдерің келіншек көз сұқтандырып,
көңілге қуат құйып, жан арбаған.
Қарымсыз нəрін берген дүниеге
өзіңдей басқа əлемді табар ма адам?!
Бойдағы барды беріп, содан жанға
рахат алуды үйрет маған, далам!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу