Өлеңдер ✍️

  05.05.2022
  106


Автор: Фариза Оңғарсынова

Сәкеннің ұлы

Күн кешіп келеді елім былағайлы,
тумады бізге əйтеуір күн арайлы.
Мариям – ақын апам марқұм маған,
айтып еді жылап тұрып мына жайды.
... Кез еді ол –қара – қара, ақ та қара,
қоғамда шындық жоқта бақ қона ма?
Сəкеннің сүйген жарын бір топ солдат
Көкшеден келеді айдап Ақмолаға.
Ойпыр-ай, замананың күші ағын ба,
жеңгеміз батып терең құса-мұңға
пойызда келе жатты жадап-жүдеп
үш жасар жалғыз ұлы құшағында.
«Сəкенім, келсеңші, – деп, – тозды жаным»...
күбірлер белесіне боз жылғаның.
Сезбеді ол сырқат ұлдың жол үстінде
алдында жатып мəңгі көз жұмғанын.
Жер сұрғылт, көк те сұрғылт мұңайғандай,
қаптаған қанден, жерде құмай қалмай.
Солдаттар жас денені алды тартып,
Гүлбарам жатты талып жылай да алмай.
Кеудесін жеңгеміздің зар мекендеп,
өлгенше өксіп өтті «жан көкем» деп,
асылдың тұяғындай жалғыз ұлдың
сүйегі қай жырада қалды екен деп.
Шындық жоқ бұл күнде де, майданда əркім,
тірліктің заңы ма бұл, қайран қалдым.
Ей, тағдыр, кім береді шын жазасын
тарихта əділеттен тайғандардың?
* * *
Мойындатып заңдарын
матап қойды Жер мені,
еркіндіктің тарланын
ұстатқысы келмеді.
Ғашық болдым – масқара!
(Сөге қоймас мені ешкім),
енді қанат тақса да,
ұша алатын емеспін.
Жақсы көру – Жер ісі,
(жерде жəне құт, дарын)
бұл сезімнің не күші
бар екенін ұқпадым.
Шыр айналды бас, мен де
Жермен бірге дөңгелеп.
Сезімдерден мас кеуде,
шарықтадым сол жебеп.
Дидарындай баланың
күліп атты таң тағы.
Жақсы көрген адамым
мені Жердей тартады.
Қанымдағы дүсірден
көтерілді еңсе-күн.
Тартылысты күшіңнен
айналайын, Жер, сенің!
* * *
Бəрі менің есімде:
сені күтіп терезеден қараумен
минут санап тұрғаным,
жанымды өртеп бір жалын;
сөндіре алмай сағыныштың мұңдарын;
сосын сенің кіріп келер сəттерің,
тілсіз, үнсіз аймаласқан тəтті ерін...
қос жүректе – ақ сезім мен пəк сенім;
көп ішінде сыр ақтарып көзбенен,
жырақ шығып өзгеден
оңашарақ қалуды ылғи көздеген;
сəтке ынтығып шырын-бал,
қол ұшынан бойға тарар жылулар,
тек екеуміз түсінетін сыбырлар;
құлақ қоймай еш үнге,
сезім селін ынтығып бір кешуге
аласұрдық.
Бақыт па бұл, кесір ме?
Бірақ бəрі есімде.
* * *
«Жастар осы, жөн-жосық білмейді, – деп, –
миларына салт-дəстүр кірмейді көп,
біз кеткесін бұл дүние не болар», – деп
уəйім жейміз, күздегі гүлдей жүдеп.
Білгісі кеп құлшынып тұрса да ұлан,
айтарымыз баяғы бір сарын əн,
даналықты күтеміз, жастың бəрі
өнеге алып туғандай құрсағынан.
Ақсақал жоқ ақылмен табындырар,
ағалар аз айтқызбай жаныңды ұғар.
Бара қалсаң жəй айтып алдарына,
«Өзің білмен» аяқтар əнін бұлар.
Сөйте тұрып жастарды кінəлаймыз,
кінəлауға келгенде кіл Абаймыз.
Көңіл қалып үлкеннен біржолата
қол үзеді бозбала, құралай қыз.
Болашаққа жастармен жалғанар із,
жастық жəйлі тарихта қалған аңыз.
Ұрпақтардан тамырды үзіп алып,
адам неге азды деп таңданамыз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу