Өлеңдер ✍️

  05.05.2022
  120


Автор: Фариза Оңғарсынова

Нерудаға наразылық

– Не еткен ғасыр бітпейтін!
Қашан сенің жұт кейпің,
жоғалады қара жерден мəңгілік?
Жеткен жоқ па ойқастауың жанды үгіп?!
Жоғала ма, құлай ма əлде құрдымға,
Əлде бізді жеткізе ме бір нұрға –
жеңісіне революциялық күрестің?
Əлде алғашқы қоғамдағы тайпа, адам
өміріне келеміз бе қайтадан?
Жүрсек те ылғи бір күлімдеп, жүз жылап,
ұрандарға, үміттерге алданып
өмір көшін жалғадық
бұл ғасырда бірақ біз
ойлағандай өмір сүре алмадық...
Пабло Неруда, «Ақырзаман»
Алып тұлға, жыр – көсем!
Сеніменен күн кешем:
тынымсыздау планетада қарыштап,
жауыздықты жырларыңмен жаныштап
жүргендейсің күнде сен.
Ұлылықта өткен шақ жоқ – бүгін бар,
болашақ бар, яғни ғұмыр бар,
мен сондықтан бүгін қатар жүргендей
өзіңменен тілдесем.
Жауыздығын жылтыр сөзбен жасырған,
адалдықтар ашынған,
жиіркендің бе жиырмасыншы ғасырдан?
Əшкерелеп дəуіріңнің сұм мəнін,
кекті ызамен жырладың:
«əйел жанын нəзіктіктей серігінен айырған,
адам жанын қасиетті сенімінен айырған,
көк заңғарды биіктіктен айырған,
əділеттің қолын артқа қайырған,
жағымпазды жалдандырып, баптаған,
шыншылдық пен аңғалдықты таптаған,
Виделадай ақымақ па – ол мейлі –
баға жетпес тақты адам,
тыныштықтың нұр таңын
ескертумен көз ашқанша құртарын,
ой мен арға сүлгі беріп сүрттірген
ұятсыздың ұлтанын,
бұғағынан бауыздатқан құрсақта
адамзаттың ұрпағын,
теңіздерді арнасымен құрғатқан,
көлді айырған мөлдірліктей қымбаттан,
жан баласын алшақтатқан киелі
табиғаттай құндақтан,
қапелімде пəк болмысын ұрлатқан
дүниені мұң жапқан;
ар-намысты аластаған у беріп»
бұл ғасырдан құтылғанша асықтың,
ал мен оған ғашықпын:
жүрген кезде адам арып, жер жүдеп,
революцияның алау Туы желбіреп,
адамзатта ұлдар шықты ержүрек
теңдік пенен əділетке шақырған,
жалындаған жыр төгілді ақыннан.
Жер бетіне төнген бұлтты жүгендеп,
қайта шықты Күн өрлеп,
коммунистер Туы тұрды алаулап,
жүрегімнің жұлдызынан таң аунап,
жер шарына шашырады шуақтар,
ол шуақта үміт деген қуат бар.
Жүрегіме қуат құйса, тасыдым,
жабырқатса, жасыдым,
дүлейіне, шуағына көмілгем –
маған қымбат ғасырым!
Кектілер мен мұңдыларға жолдас ең,
менде де, рас, алдым – асу, жолда – сең,
бір ақиқат –
бұл дауылды ғасырсыз
сен тумас ең,
Тіпті мен де болмас ем!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу