Өлеңдер ✍️

  05.05.2022
  110


Автор: Фариза Оңғарсынова

Тілеулестерге

Уайым көп, ойым да алаң, жаным да алаң,
жырым жоқ баяғыдай жалындаған.
От сезім, өрт күтетін тілеулестер,
жазғырып қарамаңдар бəрің маған.
Жүргенде жүйке тозып, шаршаулы үнмен,
сендерді ойыма алып,
аңсап жүрген
берер деп жыры жігер, қажығанда
өрті жоқ, дауылы жоқ сарсаң күннен.
Жанымды қаншама жыл қамшыладым!
Сендердің сенімдерің – жан шырағым.
(Тілеулестерім болса, жетеді сол –
атын да, атағын да – алшы бəрін).
Жанымды аластаумен от қоймаға
жұқардым жəне да ылғи көпті ойға ала.
Жанартау көресіңдер мені бəрің –
атқылап, жанып-жанып, шөкпей ме о да?!
Біреудің қарны шығар, тойса жаны,
ал мені шындық мүжіп, ой сорады.
Жан көрсем жəбірленген, қалам шөгіп,
өзімді алтынға орап қойса-дағы.
Жүрсем де кекірікті тоқ ортада,
жүрегім айниды ылғи содан, тоба!
Жанымда жалыным аз, жарқылым аз,
ұқсайды жырым бүгін қоламтаға.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу