Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  264


Автор: Фариза Оңғарсынова

Жерошақ

Түнгі аспан моншақ тақты бұлты ашылып
келеміз сайларды асып, қырқа шығып.
Жырақта жерошақтан лаулаған от
жылылық құндағы боп тұр шақырып.
Сіміріп тыныштығын өскен кешім,
жаныма Күн қызуын төккен бесін,
таңғы сəт бота боздар – енді бүгін
бəрі ыстық талай өрді өткергесін.
Жерошақ! Жанымда осы өшкен бе есім,
жалғанда жылуыңа жоқ теңдесің.
Есімде: əжем менің бата берсе,
дейтұғын: «Ошағыңнан от сөнбесін!»
Қыр елі адалдыққа нық сенетін,
сақтайтын кілттемей-ақ құрт пен етін.
Есімде – анам көмген жерошақтан
ертемен от алуға жұрт келетін.
Мезгілің озған сайын жыл ескіріп,
əр үні бал шағымның жүр естіліп:
анашым Прометей боп көрінетін
ошақтан жатқанда отты үлестіріп.
Ойласам, сең кешіппін, жел асаппын,
бұл кеште көңіл мұңын неге шақтым?
Қызуы бар əлемнің жетпейтіндей
маздаған жылуына жерошақтың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу