Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  221


Автор: Фариза Оңғарсынова

Мақатаев туралы жыр

1
Бір өзі мұхит сынды жағасы арман,
ағысы жағасына жара салған;
толқыны тасқындаса, тау қопарып,
жабықса, жусаннан да аласарған.
Сыздатып кеудесін жыр, таңдайын – əн,
бетке алған сұрапылды қандай ұлан?
Əйтеуір алқам-салқам жолға шықты
киелі Хантəңірінің баурайынан.
Бал күндер тақым салған тайға күрең,
жүдеу кез наны тапшы, айраны кем...
Бұрылып қош айтысты Қарасазбен,
Аршалы сайларымен, сайранымен.
Көз салды балалыққа тағы барлап,
тұрғандай жолын таудың əні жалғап.
Алыста – көз ұшында бір ғажайып
көгілдір əлем тұрды жанын арбап.
Сол əлем жұмақ па бір, жай ма бөтен,
дəл сондай Жер бетінде қайда мекен?
Ай мүйіз арқар ойнап, жүйрік қашып,
Күн құшқан Абайлардың жайлауы екен!
Жай ойнап жүрегі оның жауындаған,
селдетсе – сескенердей дəуір, ғалам.
Ей, əлем!
Құшағыңды аш, тербет жанын –
келеді Қарасаздан дауыл балаң!
Қалмайсың ол дауылдан сауың да аман,
ақын ба жыр дертімен ауырмаған!
Сұрапыл сары балаңның сарынына
құлақ сал, жауыр далам, дауыл-далам!
2
Аға іздеп асқар көңілі бұлттан асқан,
қалардай жаны жайрап кілт қарастан,
пəктікке аңсары ауып, дүниеден
іздеген мөлдірлікті шықтан асқан.
Сен қалай байқамадың, батыр ғалам,
өртеніп бара жатты ақын балаң:
теңіздей махаббатын көтеретін
жан таппай, өз отына лапылдаған?
Жай тастап тіршілікке теңбілді ала,
жойқындай жыр-əлемге ендің дара.
Найзағай сезіміңді сіңіруге
қайраты жетсе жетер Жердің ғана!
Тынысын тоқтатқанда дара шабыт,
түскендей жəудір көздің қарасы ағып,
аңырап ботасы өлген аруанадай
жыр-ару күңіренді қара салып.
Тым сирек күрсінеді бұлай халық,
салмағын ажалымен сынайды алып.
Күңіренді қазақ жері, кеудесінен
оқ тиген ақ бөкендей шыр айналып.
Бүк түсіп қалды кенет қырат күллі,
қайнары қақталғандай бұлақ тынды.
Аспанның кеудесіне басын сүйеп,
булығып Хантəңірі жылап тұрды.
Тау, дала ұмытқан жоқ сол күнді əлі:
күңіренді Ертіс, Жайық толқындары,
күрсініп Көкшетауда қарағайлар,
жоқтады аспан текті сол тұлғаны.
Шың – Қадыр, бір жағымда шоң Тұманбай
тұрса да, бір тірегі олқы жандай,
жаралы жүрегімді жарға соғам,
орныңды еш тұлғамен толтыра алмай...
3
Жүрегі жолбарыстай, жаны арайлы,
от-жалын жанарымен жанап Айды,
ол енді сұңқар жырдың қанатында
көктеңбіл Планетаны аралайды.
Самғайды қуатты өлең, кермекті өлең,
сырласып жалғыз тілде жер, көкпенен.
Жасындар жанұшырып қорғалайды,
енді оған сөз де өтпеген, оқ жетпеген.
Тойған жер, тойымсыз жер, тойлы дала
бай əлі сүріндірер ой-жыраға.
Сұңқар жыр аспанында саңқылдайды,
мұң тастап ойсызға да, ойлыға да.
Жүргендер жыр басқарып, Күн жастанып
сүңгімес мұң дертіне, тұрмас налып.
Тек көктің шаңқылына елеңдейді
өрт тұнған көкірегіне бір жас халық!
Сол тыңдап шамырқанған көк тарланын,
əнінен ажыратар көп қарғаның.
Шыжғырсын, шырқыратсын шоқтар жанын –
жалғайды ол ғасырларға отты арманын!
Самғар жыр жүректерге таңды ұрлатып,
жанарын жасқай алмай жаңбырлы уақыт,
тыңдатып Күнге ғана мұңды əуенін,
өмірлік нұрға көмер алдын бақыт.
Жалған даңқ, жасанды айбат былай қалып,
жел жеген жартас сынды құлайды алып.
Тағдыр-жыр жасар бірақ іңкəр жерде
мəңгілік Күн-ғұмырды шыр айналып!
69
* * *
Дүние бос қалды ғой сен кеткелі,
күлегеш достарды қой жер-көктегі:
ешбірі өзіңдей боп жүрегімді
шаттықтан не қайғыдан кернетпеді.
Ұйқыдан сен деп аштым жанарымды,
сенделдім, белден астым – дара, мұңды.
Көңілім құздан құлап жүрмін ессіз
жаутаңдап жетім қалған бала ғұрлы.
Жүремін асқақ басып – жанымда мұң,
сол мұңнан мүмкін емес арылмағым.
Сезсең де сезгің келмей жүрсің бəрін,
ал мен де біле көр деп жалынбадым.
Қақшиып жүрген болам, күлген болам.
Сенім жоқ. Төсек аяз. Түндер боран.
Оны тек сен білесің, мен білемін,
ұқшы деп кірістірем кімдерді оған.
Қаптаған жан-күйімді мұнар мынау,
мен үшін аспан мен Жер тұман-қырау.
өзімді білсем егер, өзіңді мен
ешқашан жек көре алмайтын шығармын-ау.
70
* * *
Арылмай күйкі-кірбіңнен,
мазасыз өтіп түн мүлдем,
біресе жылап, бір күлгем.
Содан да – сені əлі күн
еркелете алмай жүрмін мен.
Жетесің ұшып, қайдалап,
сезімің шексіз, айдан ақ.
Қайтемін сөзбен майдалап,
сонда да тұрам жəй қарап.
Көрмедім сені жаныммен,
жүрегімменен аймалап.
Ұғынып өзің, сез мені –
өмірдің мынау тездері
қатыгездеу қып кетті ме
қатерлер көбін сезгелі.
Білмеймін, əлде қымбатын
қадірлей алмас кез бе еді...
71
* * *
Білемін:
өзге жанның шашы, басын
сыйпайсың, мойынына асыласың.
Ал менің өрлеу бейнем көңіліңде
тұрғанын (еркіңнен тыс!) жасырасың.
Сен мені еске алуды қаламайсың
(жүрегің маған ұшып барады-ай шын),
əйтеуір жүрегіңнің түкпірінде
ешқашан мені ешкімге баламайсың.
Қайтесің, көнесің де тағдырыңа,
теңегің келеді оны таң нұрына.
Зорлайсың өзіңді-өзің оған теліп...
жүрегің көнер ме екен ал мұныңа.
72
* * *
Жүрегім алқынады бұл күндері:
қуантып, есімді алып күлкің мені
өзіңе, өмірге де ғашық етіп,
шырқатып жібердің ғой күрт ілгері.
Бермейсің жүрегіме титтей тыным,
сен басқаша болуың мүмкін бе еді?!
Кетеді сыздап шаншып бұл жүрегім:
кенеттен бұлт жамылса нұрлы реңің.
Сенің де, шаншылаған жүректің де
таба алмай дел-сал болып тұрдым емін.
Сен өйтпесең, тек маған қырсықпасаң,
ұғынбауым да мүмкін-ау мұңды менің.
Білмеймін белгісі ме анық кектің
(мен жалғыз сезім зарын жанып шектім),
жүрегім ауырмайды, өйткені өзің
кеудемнен суырдың да алып кеттің.
Құтқардың мені азаптан алаңдамай.
Ал бірақ...
салмағы қос жүректің саған қалай?
73
* * *
Қателескен екенмін. Бір-ақ рет.
Өкініштен өртен де жыла, жүрек.
Əр қадамды мысықша аңдамаппын,
айыптаңдар, қайтемін, кінəлі деп.
Өкпелеңдер бұлалау қылығыма,
қондырмаңдар талпынған тұғырыма.
Бұның бəрі түк емес, ал өзімнің
өкінішім жетеді ғұмырыма.
Кінəм жоқ деп ақиқат қарғанбасым,
сыздатып тұр жүректі ар – қорғасын.
... Қателесу керек те шығар, мүмкін,
кешіре алар бір жандар бар болғасын.
74
* * *
Мейілдерің, мені ойлап еске алмаңдар,
алар бір кез қасірет кешкен жандар.
өмір деген кетеді өкіндіріп,
еске алмаңдар. Бірақ тек кеш қалмаңдар.
Мұңаймаңдар мен жайлы: «Зарлы ғашық,
ұзақ түні жүр-ау, – деп, – таңға ұласып».
Мен өтермін арыма дақ түсірмей,
тек соңымнан жүрмеңдер қан жыласып.
«Қалай ғана жүр екен жанып, жылап,
бітті онда, – деп аяма, – дарын бұлақ».
Мейірімге тапшы-ау деп аялама,
кейін өртеп жүрмесін арың бірақ.
Неғып жүр деп көргеннен сұрамаңдар:
ұқпайды ешбір шындықты бұл адамдар.
Аласармай кетуі мүмкін мəңгі
менше күліп, дəл менше жылағандар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу