Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  181


Автор: Фариза Оңғарсынова

Ұмтылыс

Тастаймын бəрін:
ауылдың əдет-ғұрпын да,
бабадан қалған шыңырауың ба, жұртың ба,
қашаңғы жүрем айналып сайды
жылқыдай
тұсаулы тұрған бір қырда.
Шарттылықтар мен шектеулерден-ақ шаршадым,
қиялымды солар қырқуда.
Шекаралардың қақпасын ашам мен енді,
алдымда мейлі қара түн тұр ма,
күн тұр ма?
Тастаймын бəрін,
бастаймын əнін баршаның!
Жүректерменен үндестік табу – аңсарым,
армандап едім қанша күн:
жол тартам сұсты мұхиттар менен тауларға,
кеудемнен мейлі итере берсін қарсы ағын,
арман жоқ нұрдай қалса əнім.
Көңілінің көгін шарлаймын солай
Жер атты
тəкаппар, мұңды ханшаның!
* * *
Қоршап тұрған көп адам құлдық ұрып,
жарың, тағың, не анау нұрлы жігіт
ұзап шықпай жаныңнан жарты қадам,
арашалап алардай бар күнəдан,
қылмысыңды, не түрлі сырды біліп,
жан жолатпай жаныңа, біреу кенет
орнымды алып қояр деп қалтыраған.
Жерің – дарқан, жайлауың – жарты ғалам,
жүрген жерің – жиын-той, толқыған əн.
Көз қаратпас ойнақтап тұлпар-бағың,
жан көрместей сүрініп, бұлтарғанын,
үймелейді алдыңа, артыңа адам;
түкірігің, түу десең, аспанға өрлеп,
тіршіліктің от, өрті шарпымаған.
Сұңқылдайды сұңқарсып қарғаларың,
қарғаға да, туады ханға да күн,
жалғыздықтың тартатын жан азабын
мəңгіліктей ақиқат – жаназа күн,
жан-жағыңа қолыңды қармағаның,
жазасынан қайқақтап бар жаланың –
тағдыр дəмін бəрібір татады жан,
болсын мейлі айбарлы ата қыран.
Мұның бəрі – амалы құтылудың
жалғандықтың қам қабақ қаһарынан.
Есімің кім – қарамай – тұқымың кім,
тірлігіңнің шығарар үкімін кім,
мен білмеймін, білерім:
мықтыны да
жалғыздықтың жайратар жұты бір күн.
* * *
Көңіл қалып кейбіреуден,
шырқырайсың жаның ұшып.
Жегі құрттай жейді кеудең,
жүрегіңнен таң ығысып.
Бұдан кейін күн туады
құлазитын ескі жұрттай.
Жұрт алдамшы, кіл қу əрі,
жүргендейсің ешкім ұқпай.
Жуса да жас омырауды,
жоқ ешкімнен келер көмек.
Өмір көші қоңыраулы
көшіп жатыр сенен бөлек.
Тірлік етіп, шам сөнердей
арылмайды жанар мұңнан.
Бірақ сонда қалсаң өлмей,
күн шығады тағы алдыңнан.
Адам біткен тілеулестей,
бəрі əдемі, бəрі жақын.
Сонау күнің – бір елестей,
қайғы жоқтай қамығатын.
Көзге бүгін күлкі үйірем,
келмегей деп тағы да күз.
Кейде жанның бір күйімен
өмірді өлшеп, жаңыламыз.
Жерде тудым, заманды ұқтым,
жаңылармын əлі бір күн.
Адамзаттың, адамдықтың
осы шығар мəні, мүмкін!
* * *
Даналық-ау көз шұқып сынамау да,
бəлкім, бір күн соқтырар бұ да дауға.
Жастар бізді ұқпайды, бүйтпейді деп
біз бейімбіз оларды кінəлауға.
Күдіктенбе, бұл сөзге баға бер сен:
өзіңді-өзің –оңбайсың – дана көрсең;
шағылады бір күні шынында да
миын күнде олардың шаға берсең.
Майласаң да ақылмен, сөзбен неше,
(шұға болмайтынындай бөзді өңдесе),
балғын жасқа қонбайды данышпандық,
көкірегіне табиғат көз бермесе.
Білік құймас болмысқа жылдар да аса,
жаспен ақыл келмейді, бұл – далбаса.
Ссзім күтпе ешкімнен,
кеудесінде
тым құрыса оймақтай мұң болмаса.
Қайғырған боп батқанмен жалған мұңға,
шаттық жатар көзіңнен тамған нұрда.
Бұлбұл үні танылып қалар бір күн
қарқылдап-ақ жүрсе де қарға орнында.
Жамансың деп желкелеп жерлегеннен
ақыл-шыңның құзына өрлеген кем.
Ойсыздықтың дертіне шалдыққанды
тек халықтың əнімен емдер ем мен!


Дүниенің кіндігінде тұрғандай,
өз болмысын, өз тірлігін сынға алмай,
дүбірі мен дабылы мол ортаның
қалт жібермей желісі мен жортағын,
аттандаса алаөкпе боп жүгірген
жанарында мұңы жоқтан қорқамын.
Жамандықты өзі бірден бастамай,
бастағанды көріп тұрып жасқамай;
жылағанның күйін бастан кешпеген,
байлаулыны бұрылып кеп шешпеген;
құлағанды көрмеген боп түбінен
өте берер жайлы, жайсаң түрімен
жылы жүзден сескенем.
Айналасы рақаттай көрініп,
жалғыз өзі лəззатқа көміліп,
ойлайтыны: «Тек жамандар кір маңдай
жүре алмайды жабырқамай, мұңданбай».
Тамырлары ашытқыдан тұрғандай,
өз-өзінен ісінгеннен түршігем.
Менің қайғым – солар үшін күрсінем.
* * *
Жүрмегін күлмей, жылап,
жер нəрімен, шуақпен гүлдейді бақ.
Біреу сені армандай сүйетінін
сезіну де жаныңа Күндей қуат.
Жұққызбай арыңа шаң,
ұмтыл алға – сындарға тағы да сан!
Жанашырлық, мейірім – сүйгендерде,
жақсы көрмейтіндердің жаны қасаң.
Ақ ниетің тасада қалмас, сірə,
асылмын деп тек өзің салмақсыма.
Адам жақсы не жаман болмақ емес,
бір сүйкімсіз қылық бар əр жақсыда.
Далаң да, анаң да – ана,
бөлшектеме, жүйкеңді тарамдама.
Қастерлейтін бір қылық бары кəміл
нағыз жаман атанған адамда да.
Өз-өзінен жиілеп бұлтты күнің,
биіксінбе, жазғырып жұрт қылығын:
жібіт қасаң, қырсықты шуағыңмен,
мейіріммен –
сол сенің мықтылығың!
* * *
Мен бұрын бір адамды биік дедім,
өнерді тал бойына құйыпты елім.
Сезуші ем өрлігінің ар жағынан
өзіндік қайғысы мен күйіктерін.
Сезбеппін шын болмысын жайда мүлдем:
секілді бақырауық қайымалы інген.
Ашуын жазықсызға төкті келіп,
зəр шашып əн салатын қайран үннен.
Тағы да қайран қалдым талғамыма,
қаншама қателестім таңда мына...
Қазақтың халық əні шыққан кеуде
қалайша зəр шашады жан-жағына?
Деуші едім өнерлінің пəк бəрі де,
ал, мынау аққа күйе жаққаны не?
Төгілді тегенедей, сонда ұялдым
өзімнің қызарақтар сəттеріме.
Ажарын қызғаныштың зəрі басып,
бір ысып, бір суынды қаны қашып.
Мен ілбіп əрең жеттім үйге, сосын
өзін де аяп кеттім жаным ашып.
* * *
Менің екі тілім бар:
екі тілде екі түрлі ұғым бар,
екі түрлі ғұмыр бар.
Біріншісі – шындық тілі,
сайраса,
тұла бойың шымырлар,
жалғандықты, көлгірлікті сығымдар;
онда менің сезім, ойым сүрлеген
қасиетті сырым бар,
қасіретті мұңым бар.
Мұң шалмаған кеуделерден зарықтым.
Тағдырласы халықтың,
өзіңменен мұраттымын, алыппын,
ғұмырыңа серік болғай жарық күн!
Адам деген – Уақытының сыңары,
заманының ұланы,
шырқап салар жыр-əні,
көкке өрлетсе – қыраны;
аяласа – ну бағы,
жерге салса – тулағы;
Жер бетінде қаншама рет, ойласаң,
уақыттардың ну орманы қурады,
сарқылды арна-сулары.
Сөйлейді адам заманының тілімен,
жаңа күннің үнімен.
Заманың да ұлы емес,
уақытың да түк емес –
адамдары өмір сынын жеңбесе,
тіршіліктің екпініне ермесе.
Уақыт тілі – менің тілім ендеше!
* * *
Ұмыт қалып пəк сезім,
бал арман да,
кейде керең тұйыққа қамалғанда
(өмір – айдау жол емес, амал бар ма),
өкпелейміз ортаға, адамдарға.
Сəулелерге ұмтылмай,
жігерленбей,
өзі өзінен жан күйі жүрер келмей.
Қырсықтардың барлығын соған қарай
əдейілеп біреулер жібергендей.
Əрбір сəті – шуақсыз,
тұман ұдай,
теңіз – ащы ол үшін,
бұлақ – лай,
өгізі өліп, арбасы сынғанына
заманы не ортасы кінəлідай.
Жұрт кінəлі –
болмаса ол дара тұлға,
тұра алмаса даналар санатында.
Сонда ызаға булығып, таптауға бар –
аға тұр ма,
алдында,
ана тұр ма.
* * *
Қойды өмір біреулерді əккі қылып:
жағдай мен саясатты қатты біліп,
көңілі болмаса да,
көрінгісі
келеді жандай ырза, тəтті қылық.
Ішінде жатсын мейлі қасқыр өліп,
тұрғандай кімді болсын жақсы көріп,
бет-аузы майланады сырттай ғана,
кеудеге диірмендей тасты көміп.
Тұрғандай шуақ тарап пəк бітімнен,
ақылын ақтарады тəтті тілден.
Білмейді күні өтерін
диірмен-тасты
лақтырар бомба қылып сəт күтумен.
Еркімен байлағандай тас қамалға,
болады басын изеп атшабар да,
түбінде өзі билік алу үшін,
міз бақпас – жан өртенсін басқаларда.
Ұраны: «Тұншықсаң да өкпе, шерге,
іш берме еш адамға, көпке сенбе!»
Жансыздай өзі бұғып,
дайын бірақ
біреудің алақанымен от көсеуге.
Өтірік ондайлардың елпектері,
не досқа, жанашырға селт еткені.
Мен енді соқпағымды бөлем сенен
жарылған су жолындай ертектегі!
* * *
Жүргенде адам қайғысы ішінен жеп,
кей жандарды ұғар деп, түсінер деп,
ақтарылғың келеді ойды қағып
иықтағы салмақты түсірер деп.
Қалсаң одан ұғынған қабақ танып,
қапелімде кетесің қанаттанып.
Еңсеңді езген қайғыңды жайратуға
шығардайсың бар қару-жарақты алып.
Өз-өзіңнен жүргенде мысың құрып,
жаның қуаттанғандай түсің жылып,
томағасын сыпырған қаршығадай
жалын атып жанарың ұшырды үміт.
Сен кетесің бойыңда сенім бекіп,
қысыр деген үмітті желіндетіп.
Тек осылай жүрсе ғой адам шіркін
бір-бірінің өмірін жеңілдетіп.
Жаны қасаң жандардан жасқан бірақ,
одан сайын шығандар қашқан мұрат.
Сен алдынан шығасың жер бауырлап,
шамың сөніп, төбеңе аспан құлап.
Қадап қойған аспанның төсіне Күн
табиғаттың ілеспес көшіне кім.
Адамда да құпия күштер қанша
өсіретін бір-бірін, өшіретін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу