Өлеңдер ✍️

  23.04.2022
  219


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҮКІ БАТЫРДЫҢ НАРАЗЫЛЫҒЫ


Түсіңе сенің не кірді,
Мылтығың қайда оқтаған?
 Қызған кезде темірді,
Өкінеді соқпаған.
Исатай, сенсің жалғанда,
Ат басын тежеп тоқтаған.
Сарбаздар қалды арманда,
Намысын елдің жоқтаған.
Соңыңнан біздер ергенде,
Қаламын деме жырада.
Он күн мұрсат бергенде,
Қаруланбай орда тұра ма?
Ордаға кісі салғаның –
Исатай, сенің көнгенің.
Жүзеге аспай арманың,
Біздерді тірі көмгенің.
Ордаға кісі салғаның –
Алдына жылап барғаның.
Барғаның – қажып талғаның,
Сарбазсыз жалғыз қалғаның.
Кезеңде өртке шарпылған,
Орданы шаппай бола ма?
Көк бөрі неден тартынған,
Шапқанда қойлы қораға.
Сарбаздар атқа қонғанда,
Қаңтарсын бізді деп пе еді.
Көкірегі шерге толғанда,
Бәрі де өжет кекті еді.
Сен шаппай тұрған хан орда,
Түбіне кімнің жетпеді.
 Ар қуып белін буынған,
Анадан жасық туа ма?
Сарбаздар қылыш суырған,
Иіріліп қойдай тұра ма?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу