Өлеңдер ✍️

  21.04.2022
  80


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҮНДІСТЕРДІҢ СОҢҒЫ АҚСАҚАЛЫ ҚАРА БҰҒЫНЫҢ АҚЫРҒЫ СӨЗІ

Туған елдің арманы ақсағалы,
Болашақтың еспеді ақ самалы.
 Тыңда мені, замана, сөз сөйлейді,
Үндістердің ең соңғы ақсақалы.
Айлы аспаннан жұлдызым көрінгенде,
Өмір кешкен қарт едім көңілді елде.
Неге өлмейін тірідей
Қара жерге
Үндістердің арманы көмілгенде.
Қайғы жұтып, жүрегім қабынғалы,
Жүргендеймін адасып сағымда әлі.
Рулық жүйе елімде тамыр жайған,
Ұлттық рухтың тамыры шабылғалы.
Қатер сырттан төнгенде турағалы,
Кімге дәрі тыпырлап тулағаны.
Тайпалықтың жайқалған тал-дарағы,
Ұлттық рухтың ағашы қурағалы.
Замананың көшінен қалыспаған,
Қай жұрттың да басынан бақ ұшпаған.
Үндістерді қай құдай кешіреді,
Ұлттық мұрат-мақсаттан алыстаған.
Көкірегіне қайғылы шер толғанда,
Жазылмайды қай сырқат ем қонғанда.
Іштен іріп, Үндістер тозбас еді,
Рушылдықтан айығып, ел болғанда.
Күн тұтылып, көгінен ай қашқанда,
Жүзген жоқ па бұлт болып қайғы аспанда.
Кәне, шыққан мүйізі Үндістердің
Жік-жік болып, өзара шайқасқанда.
Көз жазбаған алтыны, күмісінен
Үндіс елі жаңылып жүрісінен,-
 Жау тигенде сөгіліп кете барды
Құрақ көрпе секілді тігісінен.
Қабырғасы қақырап сөгілгенде,
Елді бөрі талаған бөлінгенде.
Үндістерге еш қатер төнбес еді,
Ұлттық рухы биіктен көрінгенде.
Жат күш келіп намысын таптағанда,
Бірін бірі көрсетіп, сатпағанда,-
Жер бетінен жойылып кетпес еді,
Үндіс елі бірлігін сақтағанда.
Сол күндерге жүрегім кектенеді,
Бөлінгенді бөрілер жеп келеді.
Сырттан төнген жау емес,
Рушылдығы –
Үндістердің түбіне жеткен еді.
...Неге, ендеше, өмірді сауық көрем,
Жоғалған рухымды іздеп шауып келем.
Қазақтың да бір күні рушылдығы
Жете ме деп түбіне қауіптенем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу