Өлеңдер ✍️

  20.04.2022
  195


Автор: Рафаэль Ниязбек

КӨРКЕМ СӨЗДІҢ КӨСЕМІ КӨШПЕНДІЛЕР


Тірлік етіп жүрген соң көктем елде,
Қайдан ұшсын ысқырып оқ төбемде.
Көгермесін көсегем неге менің
Көсегесі жұртымның көктегенде.
Кімге дәрі бақытым жеке менің,
Сіз басқарған мен де, Аға, кемедемін.
Мұнараның басына шырақ жағып,
Мұратына мұқалмай жетеді елің.
Сәуле ойнатып көзіңе күн түскенде,
Сағым көшіп жоғалған тылсым белде.
 Ат үстінен түспесе екен дедің,
Ақбоз атқа еліңді мінгізгенде.
Қаратау мен Алатау күрсінбесін,
Елдер аз ба сүйреткен құр сүлдесін.
Аға, нұрлы көзіңнен шуақ тарап,
Неге байтақ далаңа нұр сіңбесін.
Тұғырлы елдің тұлғалы арыстары –
Өміріңнің қуатты ағыстары.
Сізді қалай көтеріп қолдамасын
Бар болса егер бойында намыстары.
Ер туады жауымен алысқалы,
Атқан жебең ұшады алысқа әлі.
Төнсе аюы орманның
Алты Алаштың
Айға шапқан бар шығар арыстаны.
Сырын ашқан әлемнің кемеңгер де,
Туып өскен өркендеп кемел елде.
Доңыз мінез болмауы мүмкін емес
Доңыз етін құнығып жегендер де.
Бақа, шаян кетпеген табағынан,
Жұрттың қайдан мұң кетсін қабағынан.
Жегендердің қазанға жылан асып,
Іштерінде жатады қара жылан.
Жер бетінде өтірік сұлап жатып,
Оқша атылып шағады тамағыңнан.
Шын қадірін шырақтың өшкен білер.
Ақыл-ойы толысып өскен түлер.
Сөз асырмай басынан ғұмыр кешкен
Көркем сөздің көсемі көшпенділер.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу