Өлеңдер ✍️

  20.04.2022
  83


Автор: Рафаэль Ниязбек

АСТАНА

Корғап өткен даласын бесік көріп,
Қазақ неден шошынсын сезіктеніп.
Ерке Есілдің өр кеуде жағасына
Париж орнап жатқандай көшіп келіп.
Айлы аспанның жанары төңкеріліп,
Шашыраған сәулесі өрге өріліп.
Ерке Есілдің жағасы баққа айналған
Шымқай жасыл желекпен көмкеріліп.
Дұшпан көрген, жау көрген айналасын
Өзге жұрттың пір тұтам қай қаласын.
Өз Астанам бәрінен мәртебелі
Ерке Есілдің жағасын жайлағасын.
Астананың маңдайын өпкен арай,
Шұғыласын шашпасын көпке қалай.
Күннен-күнге биіктеп жатыр өсіп,
Зәулім үйлер қол созып көкке қарай.
Елбасының қолдаған бастамасын,
Ұран еткен ұлтының жас қаласын.
Асқақ рухты қай жұрт та өріс ашып,
Асқақ етіп көтерген Астанасын.
Айдарынан айбынды жел ескені –
Қай елмен де иығы теңескені.
 Күллі әлемнің ағылған басшылары
Астанада бас қосып кеңескелі.
Ақиқаттың сөнгенде шырағы өшіп,
Тіршіліктің жайқалмас шынары өсіп.
Жер-жаһанның тоң мұзын жібітуде
Астананың жүзінен шуақ есіп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу