Өлеңдер ✍️

  19.04.2022
  107


Автор: Рафаэль Ниязбек

Ақымақтар елі

Алдан шығып аран боп жар, қыраттар,
Жатқан ылғи жығылып арғымақтар.
СССР-ді кезінде
шет жұрағат:
«Елі, – деп те келген-ді, – ақымақтар!»
Ақымақтар тұрғанда ел басқарып,
Ғұмыр кешкен бұғынып, ер жасқанып.
Үн қатты ылғи жұмақта жүрміз деп те,
Тас төсеніп жатса да,
бел жастанып.
Арыстандай көрініп шыңда жатқан,
Қызға батқан тізесі,
ұлға батқан.
Ресей – пойыз,
Аз халық – доңғалағы,
Шойын жолдың үстімен зырлап аққан.
Асылынан айрылып шырын далам,
Халқым – торда боз торғай шырылдаған.
Шойын жолдар – жыландар
тулар болса
Белден орап, алқымнан сығымдаған.
Теспей сорып елімді қанағаны,
Тонағаны аздай-ақ,
талағаны.
Қабырғасын сөккені емес пе, айтшы?
Алты бірдей арысын қамағаны.
 Ой санасы,
арманы көнерсе ердің,
Көз жанары,
шырағы сөнер жердің.
Тұтқындалаған алты арыс құрбан болсын,
Көсегесі бүр жарып көгерсе елдің.
Ұстанғаны пір тұтып қатыбас заң,
Қоғам, сірә, оңбаған заты бастан.
Шын ақымақ болмаса сөйтер ме еді,
Ел көрдің бе асылын атып, асқан.
Көкірегін қуаныш – жел кернеген,
Бұрын-соңды сұмдық бұл ел көрмеген,
Ақымақтар басқарып кімді оңғарсын,
Ақылдыны мүйіздеп жол бермеген.
Азамат жоқ,
Ол да бір қуаңшылық,
Тасаттық бер, халайық, құлан жығып.
Заманыңның кесірі
жатқаны да
Қыран қонған шыңдарға жылан шығып.
Қоян іліп көрмесе қаршыға әлі,
Кім кінәлі?
Полигон бар тұрағы,
Елде қандай береке, бақыт болсын,
Есегі озып,
мертіккен арғымағы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу