Өлеңдер ✍️

  19.04.2022
  204


Автор: Рафаэль Ниязбек

БАР ЕДІ СОЛ АУЫЛДА ЖАЛҒЫЗ БАЛА


Шыңдалар болат тұяқ кетілгенмен,
Шын жетім жалтақ болар жетілгенмен.
 Бар еді сол ауылда жалғыз бала,
Әкесі қан майданның өтінде өлген.
Соққанда соғыс-боран анық беттен,
Сөнер деп ойламаған жарық көктен, –
Бар еді сол ауылда жалғыз бала,
Анасын төркін жағы алып кеткен.
Күн сайын қайғы, мұңы еселенген,
Ол сөйтіп ата-анасыз өсе берген.
Үйінен әкесінің ұзамап ед,
Қайрылмай анасына неше келген.
Әкесі өліп, таусылған асқақ әні,
Жас бала қайтеді деп баспананы, –
Анасына ермеген тас жүрек деп,
Біреулер көп жазғырды жас баланы.
Ол кезде білмеп еді кім боларын,
Сағалап өсе берді тумаларын.
Туа сап кім бар дейсің шарлап көрген
Өмірдің тау-тас,
Шатқал,
Жылғаларын.
Сол бала жігіт бопты осы күнде,
Жол тартқан күміс керуен –
Көші күнге.
Кем емес кім-кімнен де,
Шынымды айтсам,
Өссе де кім көрінген есігінде.
Жүгірген жылу іздеп кімге де еріп,
Еңбегі еш кетпепті – жүр өтеліп.
Әкеден қалған қара шаңырақты
Сырық боп сол бала енді тұр көтеріп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу