Өлеңдер ✍️

  17.04.2022
  92


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЖҰРТ ҮКІМІН АЙТЫП ЖАТТЫ

Баллада
1
Қол ұстасып екі дос жүрді күнде,
Түсініскен жанбыз деп жыр тілінде.
Сол екеуі кештетіп келе жатты
Астананың көгілдір бір түнінде.
Жанарында жарқырап шырақ тұнған,
Тыныштық ед көшеде құлаққа ұрған.
Кезіктіре алмап ед сол түні олар
Бірлі-жарым масты да құлап тұрған.
Сақтанбауы алайда бекер ме еді,
Екеуі де үйге аман жетер ме еді.
Қастарынан зу етіп өте шыққан
Таксиге де қолдарын көтермеді.
Құрдастығы әйгілі елге ертеден,
Бақыт тапқан достар-тын кең өлкеден.
Кенет алдан бұларға тұра ұмтылды
Шыға келген екі-үшеу көлеңкеден.
Достың бірі қорқақ-тын алаңдаған,
Әлде кімді байқапты қараңдаған.
Жалт бұрылып жан досын тастай қашты
Бұзықтардың қолына жалаңдаған.
2
Жұрт үкімін айтып жатты –
Жүгенсіз кеткендерді айыптаған,
Мастығынан әлі де айықпаған.
 Жұрт сөйлеп жатты –
Жазықсыз жанды қорғап,
Өткен-кеткен жайларды байыптаған.
Ызғар шашқан ызадан тілсіз қалып,
Жұрттың бәрі отырған тым сызданып.
Кенет бір қарт орнынан ұшып тұрып
Сөз сөйледі
Көзінде жұлдыз жанып.
– Сырым, сірә, болмас бұл жастайғы ашқан,
Дос та айқасқан мұндайда, қас та айқасқан...
Жақсы жігіт дей алман
Жігітті мен
Қиын кезде жолдасын тастай қашқан.
Қамшың болса ел-жұртым тарт басына,
Мейлі ендеше жетпесе қарт жасына.
Досын сатып отырған жоқ па бүгін
Елін ертең кім кепіл сатпасына.
Ел ішінде
Қол созып көктеміме,
Жас шыбық боп олар да көктеді ме.
Қоян жүрек бірақ та қорқақтардан
Маңғаз елім қөп зардап шекпеді ме.
Ойланайық, ағайын,
Осыны бір
Уақыт өткізе бермей текке күнде.
Жұрт үкімін айтып жатты...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу