16.04.2022
  123


Автор: Қалижан Бекхожин

АРНАУ

(1784)


Таң сәріде бұзып жеңіл ұйқымды,
Перизаттың сыбдыры бір сезілді.
Ояндым мен жатқан сайдан сол түнгі,
Тауға өрледім жадыратып өзімді.
Сүйінішпен көзіме кеп нұр тұңды,
Көріп таудың шықты гүлді өзегін
Туды әлемге масайраған күн шуақ,
Жүрегіме енді жаңа күш-қуат.


Тауға шықтым,
перизатқа иірілді
Қою тұман шұбатылған сол.
Толқындады,
шиыршық атып жиырылды,
Қанаттанып топырлады төбемнен.
Жарқыраған көзіме бу үйілді,
Қарауытты күнді қалай көрем мен?
Буырлы бу толқын маған оралды.
Шырмап алды мені түтек қараңғы.
Кенет тұман дір етті де бұлдырап,
Қалқып өріп, ну жотаға құлады.
Бу да кетті жарқын лептен ыдырап,
Бұлтты жарып жайнар деп күн шырағы,
Күтіп едім әрең ғана мен шыдап,
Бұлттан шыққан күннің ғажап шуағы!
 Ұзақ қуды шуақ, бұлтты қарадым,
Шұғыламен шағылысты жанарым.


Буырқантып қысты сезім кеудемді,
«Аш көзіңді», деді маған әлде не?
Көзімді аштым, алғанымша сәл демді,
Маңым от боп жалын толды әлемге,
Елес беріп бұлттан сәуле түрленді,
Ақ періште тұрды құзда, төбемде.
Бұлқынды ол сәукелелі сәулемен.
Тап осындай сұлуды мен көрмеп ем.
«Білесің бе? – деп ол назбен толғанды, –
Білесің бе, ақын, сені жебеп кім,


Берді саған дәру етіп бальзамды,
Кім жұбатты қасіретін жүректің?
Құдай меңзеп, маған өмірің арналды,
Сен жасыңнан мені сүйдің, жыр еттің.
Балаша сен масайрадың, табындың
Тұңғыш аштың мұңды сырын жаныңның».


Иә! – деп мен тізе бүктім айғайлап,
Қиялымнан әз бейнеңді мен көрдім.
Құлазыған мең-зең шақта көп ойлап,
Тыныштықты, сергектікті сен бердің.
Ізгі данам, аяладың абайлап,
Қасиеттің бәрін бердің, әулием,
Тек сен барда маған қызық бұл әлем!
Есіміңді атамадым сенің мен,
Әркім ойлар сені көріп жүрмін деп,
Жүрмін де дер ізіңмен сол көрінген,
Рухтандым дер шұғылаңның нұры кеп
 Шулы топта іздеп сені сергіген,
Тек мен ғана көрер сені күлімдеп.
Жасырып жат көздерден ынтыққан,
Шәрбәтіңді рақаттанып мен жұтам.
Мырс етті де жауап қатты періштем:
«Мұның қате, сол үшін бе келгенің?
Қайратыңнан іңкәр тез боп үстем,
Болса да сәл көзіңді ашып көргенің,
Қиялыңмен жұрттан асып,
өр күшпен,
Өзгелерді ақымақ деп сенгенің.
Басқалардан айтшы сенің асқан нең?
Біл өзіңді, пейілдес бол солармен».
«Кешір! – дедім, ойлағаным ізгілік!
Сол үшін сен ашпадың ба көзімді?
Ғажап дарын алдым сенен қызығып,
Зор мақсатпен келем билеп өзімді,
Тиді маған асыл қазына игілік.
Алсын халық қазынамды сол ізгі,
Неге іздедім сол дарынды құмартып,
Бауырларды жемесем шын шалқып!»
Разы көзін қадай қалды періште,
Шын сырымды ұқса керек пайымдап.
Ойым сірә дұрыс па, не теріс пе,
Нұрлы жүзі күлімдеді сол бір сәт,
Тебірендім ойым шалқып өріске,
Жаңа мерей тапты жаным жалындап,
Үнсіз ғана, мейірлене, мен сене,
Қолды создым күн сипатты бейнеге.
Созды қолын періштем тез, селк етті,
Серпитіндей көк тұманды бүріп ап.
 Уа, керемет! Қолы бүктеп түнекті,
Шұбалған бу көбіктенді бұрқылдап.
Алдымда аспан жарқ етті де бұлт кетті,
Көрінді сай, көлбеңдеді гүлді бақ.
Періштенің наз қолында желбіреп
Ақ түтіндей тұрды торқа ақ жібек.
Деді маған «Сен әлсізсің, ал, бірақ,
Ізгілікпен асыл рухың тұтанар.
Ал сыйымды! Мұнда жайнар күн шуақ,
Таңғы бақтың мұнда жұпар исі бар.
Сенікі ақын бұл қасиет! От дарын.
Бастап келді, қалды қилы асулар,
Ал Ақиқат бақыттыны танып шын,
Поэзияның гүл торқасын дарытсын!
Егер өзің, не бір досың ыстықтап,
Самал күтсе бұл сыйыммен желпін сен.
Гүл жұпары кеудеңе енер толқындап,
Самал есер кешкі қырдан серпілген,
Қайғың кетер езген сені алқымдап,
Күн жарқырап,бұлт та көшер сол түннен.
Қуар да күн қапырық сұр тұманды,
Ұмытарсың жүректегі жараңды».
Ал, достарым, зіл көтерген, келіңдер,
Өмір өзен, бейбақ біткен келіңдер.
Енді сендер, жасыл нуда жүріңдер,
Сендердікі жеміс нәрі, нұр гүлдер.
Қол ұстасып келер шақты көреміз.
Солай бірге алға баса береміз!
Біліп сені ұрпағымыз қуансын.
Достығымыз қабырда да нұрлансын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу