Өлеңдер ✍️

  27.03.2022
  111


Автор: Нұрлан Оразалин

ЖЫРҒА ТҮС, ЖҮРЕКТЕГІ БАР ЫСТЫҒЫМ

«Мұнар да, мұнар, мұнар күн...»
Махамбет



 Қиянатпен айтылатын кінә – арсыз,
құмарыңды қандыратын түн – арсыз;
атақ пенен абыройдың жолы – арсыз,
атақтының көкірегі – мұнар, сыз.
Мұнар – үміт...
Мұнар – өмір...
Мұнар – күн...
Тұман құшқан келбетіндей шынардың,
басылмайтын, тарқамайтын бір жерік
дұғасындай тұмардың.
Мұнар – үміт жетелейді күнді алға,
жетелейді қилы-қиын сындарға;
ой мен сана, жүрек – оның тұтқыны,
тұтқын жүрек тыңдар ма?!
Бағынбайды дабыл ұрып, күй ұрып,
өктемсініп, оңы-солын бұйырып,
мұнар үміт – ұстатпайтын көк сағым,
өткізбейтін қиыр ұқ.
 
Мұнар үміт – мұнар өмір бастауы,
молдау болып төгіледі шашбауы.
Марапатшы көп болса егер...
Пендеңнің
мүмкін емес таспауы.
Еленбейтін есті сөзі сыңардың,
тасқан жерден басталады мұнар күн;
асқан-тасқан атақтыға көк тиын
тұрмас құны шын Ардың.
Ар жоқ жерде айтар билік шын арсыз,
арсыздарды тыңдап үнсіз, тынарсыз;
жүрек біткен соғар үнсіз – сыңарсыз,
шың атаулы мұңаяды шынарсыз...
Жердің үстін басар келіп
Мұнар...
Сыз...
шілде, 1991 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу