Өлеңдер ✍️

  26.03.2022
  95


Автор: Нұрлан Оразалин

Мұнарымды кiм ашар?

Мұнарымды кiм ашар?
Құмарымды кiм басар?..
Досым жалғыз өзiңсiң,
оңаша қап сырласар…
Сен ғанасың жанды ұғар,
кеудемдегi әндi ұғар,
қыздыратын бойымды,
тамырдағы қанды бар.
Сен ғанасың сәндi ұғар,
сезiмдi ыстық, таңды ұғар,
сенсiз өткен күндерiм –
мұзды мұхит, мәңгi қар.
Сенсiз өткен сәттерiм –
ой түспеген дәптерiм;
шертiлмеген шер-мұңым,
еленбеген шақ керiм.
Қашып шабыт, жыр-елiк,
Сөз тұйыққа тiрелiп,
сенсiз өткен санаймын
әр күнiмдi тiрi өлiк.
Сенсiз түнiм – түн емес,
сенсiз мұңым – мұң емес,
 
сенсiз көрген шаттығым –
шаттық емес, жын –елес.
Сен ғанасың сенгенiм,
сен болмасаң – сөнгенiм;
Сенсiз, Өлең… Кiммiн мен?
Қатардағы пендемiн.
шiлде, 1991 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу