Өлеңдер ✍️

  26.03.2022
  225


Автор: Нұрлан Оразалин

Жүрексiз адам....

Жүрексiз адам жоқ шығар?!
Жүрексiз пенде – құр сүлдер.
Аз шыдар, бәлкiм, көп шыдар,
кiм бiлсiн қанша дүрсiлдер?!
Ойларым iшке сыймайды,
ақылдан азап шеккенде;
шыжғырып жанды қинайды
тiршiлiк атты от-көмбе.
Өртенiп көзде мұңды аспан,
жұлдыздар түнде жылайды;
соғады жүрек тынбастан
сезiнiп дала, гүл, Айды.
Аспанның жыртып жейдесiн,
жатады түрлi үн шығып;
Соғады жүрек кейде шын,
кеудеге сыймай тұншығып.
Соғады бейбақ дем алмай,
ұйықтасам, қилы түс көрем.
Табиғат – шебер… Ей, Алла-ай!
Болады керiс iште ерен.
Зұлымдықтармен тiресiп,
тулатып бойды жерiк үн;
 
боздайды жүрек жыр есiп,
шабыттың үрлеп көрiгiн.
Шайқастан шаршап күнi-түн,
болдырар байғұс ой кешiп;
бесiкке бөлеп үмiтiн,
жатады жүрек сөйлесiп…
Тамырды бойлап үн-ғашық,
көгiнде жұлдыз, Ай күлiп,
ғарыш-тәңiрмен сырласып,
алады кейде қайғырып.
Жүрексiз өмiр жоқ шығар,
жүрексiз тiрлiк – құр сүлдер;
аз шыдар, бәлкiм, көп шыдар,
бiткенше демi дүрсiлдер…
шiлде, 1991 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу