Өлеңдер ✍️

  26.03.2022
  116


Автор: Нұрлан Оразалин

Жабықтым…

Жабықтым… Жанымды ұғар кiм?
Жалықтым. Шаршаған шығармын.
Үш қайың, сенен де, менен де
тарқамай қойды-ау бiр мұнар күн.
Кеуденi қаққылап үн-шанақ,
талмаурап тiл қатар тұмса бақ.
Тымырсық… Жаумай тұр жаңбыр да,
аспанды қойғандай тұмшалап.
Қонғандай ауыр мұң iргеге,
қозғалмай ойларым тұр неге?
Сезiм де селт етер еместей,
көңiл – төр ұқсайды түрмеге.
Ойларым бейшара құстайын,
ұшпақшы…
Қайтiп мен ұстайын?
Тәңiрiм иiмей тұр бiзге,
жағдайың мәз емес, үш қайың.
Ақ жаңбыр жауса бiр, жырғайсың,
ақ жаңбыр жаумаса, құрғайсың.
Табиғат солай қып жаратқан.
Тағдырың?..
Шабытсыз – жырдайсың…
 
Жабықтым… Жанымды ұғар кiм?
Жалықтым. Шаршаған шығармын.
Сенен де, менен де, үш қайың,
тарқамай қойды-ау бiр мұнар күн.
Ойлардан шаршаған шығармын?!
тамыз, 1988 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу