Өлеңдер ✍️

  25.03.2022
  111


Автор: Тортай Сәдуақас

КЕНЕП КЕУДЕШЕ

Ұға білсең, асып-тасып уәде етпей,
Қоштасар сәт көлгірсімей, әдеппен;
Шешіп берем, кеудешемді ал, қомсынба,
Саған деген ескерткіш ол болсын да.
Кеудем осы кенеппенен тыстаулы,
 Көpген небір қиындық пен қыстауды.
Жылдың өзі екі жылға теңескен,
Құмды шөлде талай сынмен егескем.
Осы кенеп, күнге күйген, тер сіңіп,
Ескерткішім десем, болмас ерсілік.
Көмекші боп жүрген сол бір шақта да,
Жанымды сап тұрғам талай вахтада.
Тас балқыған аптабыңда қаталап,
Өмірді де көргем сонда қатал-ақ.
Ауысымның бастығы боп тағы да,
Ие болдым бұрғышының бағына!
Қарсы соғып қарлы боран, құм көшкін,
Мұнара да сүйреп, құмда күн кештім.
Бұрғышы да болған жоқ ем жаман мен,
Қандай «кенді» қазам енді қаламмен?
Жүрегімнің жануы үшін бұл бір сын,
Бықсып қалып жүрем бе, әлде кім білсін?
Жалының бар дейді достар өзіме,
Сенбей көр ал, жігіттердің сөзіне!
Байтақ түзде батпақ кешіп менің де,
Кенеп киіп жүргендігім тегін бе?
Бұрғышылар бәрі қостап бір қоста,
«Ақын Павлин» дегені ме құр босқа?
Жайдан-жай ма, от-жалынға қақталып,
Сан қиянға жүргендігім аттанып;
Қандай өмір сүрем енді, түсіндір,
Жұмыскерлік сағым сынбас үшін бұл.
Өлген артық – өтірігім сезілсе,
Бұл сөзімнен кетер болсам тайып сәл;
Москваға келіп көптің көзінше,
Осы кенеп кеудешемді жайып сал!
Десем егер: ентелемей кері кет,
Мойыныңа асылмасам еңіреп;
Мағынасыз өткені онда ғұмырым,
Пенделікпен құлағаны тұғырым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу